Түркістан өңірінің ауыр атлетшілері жүлделі оралды

Өскемен қаласында ұйымдастырылған 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының жеке командалық чемпионатында Түркістан өңірінің ауыр атлетшілері жеңіспен оралды.

Спортшылар 2 алтын, 2 күміс жүлдеге ие болды. Атап айтқанда, 60 келі салмақта Алишер Тұрғанбай жұлқа көтеруден 120 келі, серпе көтеруден 145 келі салмақты бағындырып, қоссайыс нәтижесінде 265 келімен 1 орынға ие болды. Нәтижесінде, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері дәрежесін орындады. 71 келі салмақ дәрежесінде Нұрасыл Арапбай жұлқа көтеруден 123 келі, серпе көтеруден 157 келі салмақты бағындырып, қоссайыс нәтижесінде 280 келімен алтын жүлдегер атанды.

Сонымен қатар 65 келі салмақта Жанасыл Арапбай жүлдегер болды. Ол жұлқа көтеруден 104 келі, серпе көтеруден 146 келі салмақты бағындырып, қоссайыс нәтижесінде 250 келі салмақты еңсеріп, күміс жүлдегер атанды. Нәтижесінде, спорт шебері дәрежесін орындады. 79 келі салмақ дәрежесінде Нұрмұхаммед Ирсали топ жарды. Ол жұлқа көтеруден 118 келі, серпе көтеруден 142 келі салмақты бағындырып, қоссайыс нәтижесінде 2 орынға ие болып, спорт шебері дәрежесін орындады.

Жалпы, аталған чемпионатқа еліміздің 16 өңірінен 150-ден астам спортшы қатысты. Соның ішінде Түркістан облысы құрамасынан 11 спортшы бақ сынаған болатын.

Айта кетейік, Түркістан облысында қазіргі таңда Шымкент, Арыс, Ленгір қалалары мен Шардара ауданында ауыр атлетика залдары жұмыс істеп тұр. Сегіз жастан бастап аталған спорт түріне балалар қабылданады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You