
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Тарихи таным» экспедициясы ұйымдастырылды. Сырлы Созақ пен киелі Түркістан қаласы арасын жалғаған шара түрлі этнос жастарының қатысуымен өтті. Бұл сапар — ел тарихын тануға, рухани мұраны насихаттауға және этностардың татулығын дәріптеуге бағытталған.
Экспедиция мүшелері Түркістан қаласындағы «Достық үйінен» сырлы Созаққа қарай бет алды. Делегация құрамында өңірдегі «Ассамблея жастарының» белсенді мүшелері, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-ң басшылығы мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері бар. Шара мақсаты — туристік маршрутты қалыптастыру, тарихи нысандар туралы деректі-танымдық фильм дайындау. Сондай-ақ, экпедиция мүшелері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үлес қосып, тазалық шарасын да ұйымдастырды.
Сапар аясында экспедия мүшелері Созақ ауданындағы тарихи-мәдени нысандарды аралап, құнды жәдігерлермен танысты. Танымдық-тағылымдық сапар жастарға рухани байлық қана емес, сондай-ақ жаңа идеялар мен ынтымақтастыққа жол ашып, патриоттық сезімді нығайтуға зор ықпал ететіні сөзсіз.
Туризм демекші, Түркістан облысында және облыс орталығындағы жаңа нысандар өңір сәулетіне сай бой көтереді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен штаб отырысында бірқатар жоба қаралып, ғимараттардың сәулеттік үлгілері ұсынылды.
Әрбір жобаны жіті қарап, ұсыныстарды тыңдаған Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға жобаны жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Нысандардың сәулеттік жобалары талапқа сай болуы тиіс екенін ескертіп, құрылыста сапалы материалдырды қолдануды талап етті.
Жиында сәулетшілер, инвесторлар мен құрылыс мамандары облыс аумағында жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды. Атап айтқанда, Түлкібас ауданындағы Иірсу каньонында бақылау алаңын салу, Кентау қаласында демалыс аймағын салу, облыс аумағындағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жобаларының эскиздері ұсынылды.
Сонымен қатар Түркістан қаласындағы «Отырар» шағынауданында орналасатын 5 қабатты тұрғын үй мен теміржол вокзал аумағын абаттандыру, «Яссы» және «Бекзат» шағынаудандарын ретке келтіру бойынша ұсыныстар айтылып, аудан, қалаларды және туримзді дамытудың концептуалды жобалары қаралды.
Аймақта құрылысы жүргізіліп жатқан әрбір нысанның сәулеті мен құрылыс сапасы бақылауда болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
