Түркістан облысы: Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы кеден бекеттерінің жұмысын жандандыру мәселесі зерделенді

Бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына іссапармен барып, жұмысшы топтың қатысуымен арнайы кеңес өткізді. Жиында Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы қоғамдық-саяси ахуалдың алдын алу және екі ел арасындағы өзара сенімге нұқсан келтірмеу мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Үкіметтік селекторлық жиында көтерілген кеден бекеттерінің маңындағы жеке автотұрақтардағы келеңсіз жағдайлар да қаралды. Кеңесте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің құрылымына кіретін 8 кеден бекеті және 2 бақылап-өткізу пунктінің жұмысын дамыту ұсыныстар айтылды.

Зұлпыхар Сансызбайұлы жиын соңында тиісті сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, қатаң қадағалауда болатынын жеткізді. Кеден бекеттерінде тәртіпті қамтамасыз етіп, бекеттер аумағында санитарлық тазалықты күшейту тапсырылды. Заңсыз ақша алып, көмектесетін тұлғалардың әрекеттерін болдырмау шаралары қолға алынады. Көліктер кезегін ақысыз электронды жүйе арқылы реттеп, өткізу уақытын қысқарту қатаң бақыланады.

Іссапар барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Сарыағаш ауданындағы Қазығұрт және Қабланбек кеден бекеттерін, Келес ауданындағы Бауыржан Қонысбаев кеден бекетін, Мақтаарал ауданындағы Атамекен кеден бекетін аралап, жұмысымен танысты. Құзырлы органдармен бірге өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.

Осы сапарында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Келес ауданына арнайы іссапармен барып, маңызды инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты. Сапар барысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев өңірдегі ең ірі транзиттік нүктелердің бірі – Бауыржан Қонысбаев кеден бекетінің қызметімен таныстырып, ондағы өзекті мәселелерді ортаға салды.

Кеден бекетінде көрсетілетін сервисті жетілдіру, жүк көліктері мен тұрғындардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар бекет маңында заңсыздықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Құқық қорғау органдарының өкілдеріне заңсыз әрекеттермен күресті күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

Жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін болдырмау мақсатында автотұрақ инфрақұрылымын дамыту, көлік ағымын реттеу бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігі де айтылды. Бұл бағыттағы жобалар алдағы уақытта кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.

«Кеден инфрақұрылымын жетілдіру, қызмет сапасын арттыру және көлік логистикасын оңтайландыру бағытындағы жұмыстар жалғасады», — дейді жауаптылар.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында берген тапсырмаларын, сондай-ақ Премьер-Министр Олжас Бектеновтің өткізу пункттерін уақтылы жаңғырту  және шекара маңы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Жандос Дүйсембиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары және жергілікті атқарушы органдар өкілдері Түркістан облысындағы кеден бекеттерінде биыл қыркүйек айында көшпелі кеңес өткізген-ді. Сапар барысында Қазақстан–Өзбекстан шекарасындағы кеден бекеттері («Атамекен», «Б.Қонысбаев», «Қапланбек», «Жібек Жолы», «Қазығұрт») араланып, нақты міндеттер мен іске асыру мерзімдері айқындалды.

Жаңғырту жұмыстары аяқталған кеден бекеттері бойынша («Атамекен», «Б.Қонысбаев», «Қапланбек») бір ай мерзім ішінде кедендік бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу тапсырылды. Толық автоматтандыру жүк өткізу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Әрбір кеден бекетіне нақты KPI белгіленіп, жыл соңына дейін шекарадан өту уақытын 10–15 минутқа дейін қысқарту тапсырылды.

Шекара маңы инфрақұрылымын дамыту сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдай және сервистерді (заманауи УҚҚ, кедендік ресімдеу залдары, күту аймақтары және басқа да қызметтер) жасауға мүмкіндік береді.

Құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын жеделдету, технологиялық жабдықтарды уақтылы іске қосу және Қазығұрт өткізу пунктін ағымдағы жылдың қазан айында жаңғыртуды аяқтау міндеті белгіленген-ді.

«Жібек Жолы» кеден бекетінің одан әрі дамуы мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. «Жібек Жолы» тәулігіне 30–40 мың адам өтетін ең ірі жолаушылар өткізу пункті болып табылады. Қазіргі уақытта мұнда тәулігіне 70 мыңнан астам азаматты өткізе алатын жаңа заманауи кеден бекетінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс аясында халықаралық әуежайлар деңгейінде  заманауи технологияларды пайдалана отырып, қолайлы жағдай жасау көзделген. Аяқтау мерзімі 2026 жылдың I жартыжылдығына жоспарланған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You