
Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қарқын-2030» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Алдымен кәсіпорын ғимараты ішіне кіріп, шұжық өндіру зауытының жұмыс барысын көрді.
Мұнда заманауи технологиямен тәулігіне 30 тонна шұжық өнімдері өндіріледі. Қазіргі таңда зауытта 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, олардың орташа айлық жалақысы 100 мың теңгені құрайды. Өнімдер Қазақстанның барлық өңіріне жеткізіліп, ішкі нарықты сапалы әрі отандық тауармен қамтамасыз етіп келеді.
Сапар барысында облыс әкімі мал сою цехының да жұмысымен танысты. Құны 1,1 миллиард теңгені құрайтын бұл цехтың жылдық қуаттылығы 60 000 бас малды қамтуға жетеді. Мұнда 10 адам жұмыс істейді.
Облыс басшысына жаңадан салынып жатқан мал бордақылау алаңын салу жобасы да таныстырылды. Жобаның болашақтағы өндірістік мүмкіндіктері мен даму бағыттары туралы баяндалды.
Айта кетейік, 2009 жылы іске қосылған «Қарқын-2030» ЖШС өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Қазығұрт ауданында өндірілген ет өнімдеріне республикада сұраныс өте жоғары.
Облыс әкімі кәсіпорын жұмысына оң бағасын беріп, өңірлік экономиканы әртараптандыру бағытындағы мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті. Жауаптыларға терең өңдеу саласына қатысты жобаларды көбейтуді, экспорттық әлеуетті көтеруді тапсырды.
Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мұнан соң аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өткізді. Кездесу барысында өңір басшысы ауданның ағымдағы дамуы мен алдағы жоспарлары бойынша нақты көрсеткіштерін саралап, аудан және ауыл округі әкімдеріне, басқарма басшыларына тапсырмалар берді.
– Қазығұрт ауданының орналасқан орны экономиканы, сауданы, өндірісті дамытуға өте қолайлы. Мұнда түрлі салада жаңа жобалар жүзеге асып, тіршілік қайнап жатуы керек. Ауданның әлеуеті жоғары. Өздеріңіз баяндаған инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асырыңыздар. Бұған жергілікті әкімдер, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары бірлесе үлес қосулары керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың есебі мен басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Ауданда өндірісті, туризмді, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Айта кетейік, биылғы жартыжылдықта ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 54,6 миллиард теңгені құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша да оң нәтижелер бар. 2024 жылы нақты көлем индексі 110,2%-ды құраса, 2025 жылдың алғашқы 6 айында бұл көрсеткіш 119,5% болып отыр.
Кездесу барысында инвестициялық ахуалға ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда 2025-2026 жылдар аралығында жалпы құны 21,1 миллиард теңге болатын 24 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалардың нәтижесінде 749 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы 7,9 миллиард теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асырып, 299 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, жыл басынан бері 2,9 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 70 жаңа жұмыс орны ашылған. Ауданда «Тұрбат» агроиндустриалды аймағы салынады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде ауданның даму қарқынына оң баға беріп, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын көбейту бағытында жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
