
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қазығұрт ауданында патриоттық іс-шара өтті. Өңірдегі “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен шарада аудан жастары қасиетті Қазығұрт тауының шыңына шығып, еліміздің Мемлекеттік туын тікті.
Шараның басты мақсаты – жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Айта кетейік, Қазығұрт тауы теңіз деңгейінен 1768 метр биіктікте орналасқан, ұзындығы 22 шақырымды, ал ені 10 шақырымды құрайды. Таудың шыңына көтерілу жастарға үлкен рухани серпіліс сыйлады. Шара барысында жастар мемлекеттік рәміздер туралы баяндама тыңдап, еліміздің тарихы мен тәуелсіздік жолындағы жетістіктерін еске алды. Іс-шара соңында қатысушылар Әнұранды бірге орындап, фотосессия ұйымдастырылды.
Сонымен қатар бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды.
– Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз жер шарындағы ең биік шыңдарға көтерді. Спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды.
– Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет дербес орындап келді. Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады. Бұл – нағыз отаншылдық белгісі. Ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі, – деді Мемлекет басшысы.
Естеріңізде болса, кеше Түркістан шаһарындағы Оқушылар сарайында 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған облыстық патриоттар форумы өткен-ді. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жиналған жұртшылықты ел тарихындағы айтулы мерекемен құттықтады.
– Тәуелсіздікті сақтау, қадір-қасиетіне жету мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметтен басталатыны айқын. Осы орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі» деген болатын. Біз әрдайым жас ұрпақтың бойында рәміздерге деген ерекше патриоттық сезімнің қалыптасуына жағдай жасауымыз керек. Халықтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін қалыптастырып, санасына сіңіру – баршамыздың азаматтық борышымыз ғана емес, басты жауапкершілігіміз. Егеменді еліміз жасай берсін! – деді Ертай Кенжебекұлы.
Форум аясында облыс әкімінің орынбасары туған елі үшін еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа құрмет көрсетті. Олардың қатарында ғылым және білім, мәдениет және спорт, медицина және волонтерлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы, технология және бизнес салаларында жетістікке жеткен, республикалық және халықаралық ареналарда еліміздің туын желбіреткен, ерекше ерлік көрсеткен үздіктер бар.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Елдің рухын көтеретін әндер шырқалып, бишілер өнер көрсетті.
Айта кетейік, 1992 жылы, 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер бекітілген. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн өңірде жыл сайын кең көлемде мерекеленіп, жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің егемендігі мен тәуелсіздігінің басты белгілері. Олар – халықтың рухын, бірлігін, өткені мен болашағына деген сенімін бейнелейтін қасиетті символдар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
