
Түркістан облысы құрылғалы бері өңірдегі елді мекендердің инфрақұрылымы әлдеқайда жақсарды. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп, «сақалды құрлыс» мәселесі шешілді.
Бүгінгі таңда орталықтандырылған ауыз су жүйесі мүлдем болмаған 30 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынып, 13 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылды. Нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 767-ге жетіп (2,1 миллион адам), қамту деңгейі 95,9%-ды құрады. Биыл қосымша 30 елді мекенге су құбырын тартып, 801 елді мекенді ауыз сумен толық қамтамасыз ету көзделуде.
Облыс көлемінде 2018-2024 жылдар аралығында табиғи газбен қамту мақсатында 115 нысанның құрылысы аяқталды. Газбен қамтылған елді мекендер саны 563-ке жетіп, қамту деңгейі 69,7%-ды құрады. Нәтижесінде «көгілдір отынға» 1,8 миллион адам қол жеткізді. Биыл қосымша 45 елді мекенді газға қосып, қамту деңгейін 75,3%-ға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар 1 ғасырға жуық тарихы бар Кентау жылу орталығы 85 пайызға тозған болатын. Осыған орай, орталықты жанғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 6 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры жаңартылды.
2025-2027 жылдар аралығында мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы газ турбиналы станцияның құрылысын жүргізу көзделуде. Инвестиция көлемі – 148 миллиард теңге. Жоба арқылы 240 Мвт электр, 160 Гкал/сағ жылу қуаты өндіріледі.
Биыл облыс аумағында 64 табиғи газ нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 38 нысанның құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталып, 34 елді мекен табиғи газға қосылады. Нәтижесінде жалпы табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 597-ге жетіп, қамту деңгейі 73,9%-ды құрамақ.
Облыста жалпы электр энергиясына қажеттілік – 320 МВт, оның ішінде 80% сыртқы көздерден тасымалданады. Елді мекендердің 98% орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған 16 ауыл шалғайда орналасуына байланысты электр энергиясын өзге де қуат көздерінен (күн сәулесі панелі, дизелдьді генератор) алады. 44 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылды. Биыл қосымша 93 елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Электр қуатының тапшылығын «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 000 МВт бу-газ қондырғы станциясын (ПГУ) салу арқылы шешу жоспарланып отыр. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталған.
Жалпы, облыс халқын сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғаса бермек.
Тағы бір ерекше атап өтер мәселе, иә, қашанда Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтаған емес. 7 жылда құрылыс көлемі 3,8 есе өсіп, 536,2 миллиард теңгені құрады.
Бұл көрсеткіш 2018 жылы 140 миллиард теңгені құраған еді. Оның ішінде, жергілікті халықты баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Осы уақыт аралығында пайдалануға тапсырылған тұрғын үй алаңы 3 есе артып, 1153 мың шаршы метрге жетті. Ал 2018 жылы 388 мың шаршы метр пайдалануға берілген болатын.
Түркістан облысы құрылғалы бері 8449 отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. Ал, жалпы облыста тұрғын үй кезегінде 69 мың азамат тұр. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2 000-нан астам отбасы қамтылды.
Жыл басынан бері өңірде 306,1 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жыл соңына дейін жалпы алаңы 1 миллион 60 мың шаршы метр 231 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, көпқабатты тұрғын үйлер – 428,8 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үйлер есебінен 631,2 шаршы метр салынады. Нәтижесінде, 6 891 отбасы баспаналы болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.