
Түркістан облысы: Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинаған түлек Ордабасы ауданында тұрады
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев Ұлттық бірыңғай тестілеуден биылға республика көлемінде ең алғашқы 140/140 ұпай иегері атанған Темірлан ауылының Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Жәнібек Әбілханды марапаттады.
Аудан басшысы «Үздіксіз дайындықтың және білімге деген шексіз құштарлықтың нәтижесінде тамаша жетістікке жеткен жас өркенге «болашағың жарқын болып, озық біліммен қай салада болсын ел үшін қызмет ететініңе сенімдімін. Білім мен тәрбие берудегі қажырлы еңбегі үшін ата-анаңа, және ұстаздарыңа үлкен алғыс айтамын!» — дей отырып, «білім жолында талмай талаптанып, табыстан-табысқа жете беруіне» тілек білдіріп, үздік шәкіртке және ұстазы мен анасына арнайы алғыс хат пен сый-сияпат тапсырды.
Айта кетсек, Информатика пәніне бұрыннан қызуғушылығы бар озат оқушы IT саласын таңдап, отандық жоғары оқу орнына түсуге бел буып отыр. Ол 1-сыныптан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында сапалы білім алып, бүгінде аталған жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр.
Жәнібек 10-сыныптан бейінді пәндерін таңдап, дайындығын бастаған. Мектеп-гимназия директоры — Сәуле Егембердіқызы Исанова. Сынып жетекшісі — Гүлзира Ағабекқызы Бортай.
Көпбалалы отбасынан шыққан Жәнібек үздіксіз дайындық, сапалы білімнің арқасында жетістікке жеткен.
Айтпақшы, бүгін аудан мәдениетінің абыройы Астанада асқақтады. 21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында ҚР Президенті ел көлеміндегі бірқатар өнер майталмандары мен саңлақтарын қабылдап, арнайы марапаттады. Марапаттау салтанатына ауданның мәдениет қызметкері, әнші, “Ордабасы” фольклорлық халық ансамблі мен “Арай” халықтық вокалды аспаптар ансамблінің мүшесі Абай Сапарбекұлы Атамбаев та арнайы шақырылып, Мемлекет басшысының “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.