Түркістан облысы: Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – дастан» іс-шарасы мен «Күй құдіреті» атты республикалық күйшілер байқауы ұйымдастырылды

Бүгін Түркістан қаласындағы «Амфитеатр» кешенінде Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – дастан» атты мерекелік іс-шара өтті. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев құттықтау сөз сөйлеп, домбыраның ұлт руханиятындағы маңызына тоқталды.

– Ұлттық мұраны ұлықтайтын бүгінгі іс-шараның руханиятты дамытуға қосар үлесі мол. Домбыра – ұлттық аспап қана емес, елдің болмысын, жан-дүниесін айшықтайтын ұлы мұра. Осы құндылығымызды қастерлеп, жанына серік еткен қатысушыларға алғысымды білдіремін, – деді Ержан Ибадуллаұлы.

Кеш барысында Сүгір Әлиұлының «Ыңғай төк», Абай Желдібаевтың «Ерке сылқым», Зейнеп Аласьяның «Ертұғырыл», Құрманғазының «Айжанқыз», «Адай», «Балбырауын» сияқты ұлттық күйлері орындалып, көрерменнің зор қошеметіне бөленді. «Тұмар», «Алқоңыр», «Түркістан» ансамбльдері мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында ашылған үйірмелердің шәкірттері өз орындаушылық шеберлігімен көзге түсті.

Сондай-ақ «Фараб», «Самғау» би ансамбльдерінің билері сахнаның көркін аша түсті. «Жайсаң дала», «Ақжелең», «Тұлғаларға туынды» сынды шығармалар ұлттық мұраның ұлағатын сездірді. Шараның шарықтау шегі ретінде домбырашылар арасындағы күй тартысын атауға болады.

Кеш соңында барлық өнерпаздар мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы домбыра үйірмелерінің оқушылары қалың көрерменмен бірге «Балбырауын» күйін орындады. Көрермендер қол соғып, алғысын білдірді.

Айта кетейік, Түркістан облысында «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне орай бірқатар шара өткізілді. Атап айтқанда, 30 маусым күні Түркістан қаласында «Тұран даласының күйлері» қалалық күйішілер байқауы, «Достық» үйінде «Үкілі домбыра» фестивалі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 1 шілде күні Түркістан қаласы «Фараб» кітапханасында дәстүрлі «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы ұйымдастырылып, республиканың әр аймағынан келген 25 өнерпаз бақ сынады. Аудан, қалаларда 100-ге тарта мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек Түркістан қаласында күй өнерін дәріптейтін республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы да жұртшылықты тәнті етті. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерттік залында өткен сайысқа еліміздің әр өңірінен келген 23 қатысушы екі кезең бойынша бақ сынады.

Байқаудың алғашқы кезеңінде Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбековтің таңдаулы шығармаларынан классикалық күй орындалды. Содан соң екінші кезеңде оркестр сүйемелдеуімен жеке өнер көрсетті. Бұл күйшілердің орындаушылық шеберлігімен қатар, сахна мәдениеті мен күйді терең сезіну қабілетін бағалауға бағытталған.

Өнер сайысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жүзбай Жанғали, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті, ҚР Мәдениет қайраткері күйші-зерттеуші Әбуғазы Мұрат, ҚР Мәдениет кайраткері Шымкент Саз колледжінің ұстазы Марат Анашев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің дирижеры Шыңғыс Исаев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға ұстазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Салтанат Құдайбергенова қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Алматы облысынан келген Мейірбек Әзімбаевқа бұйырды. Ал, І орынды оралдық Назымбек Сатпанов иемденсе, ІІ орынды астаналық Аяулым Асқарбаева мен Шымкенттен келген Нұрлыбек Тұрлыбай қанжығасына байлады. Ал, ІІІ орынға қарағандылық Сейілхан Сайлауов, алматылық Медет Жүнісбек пен түркістандық Ғалымжан Жақсылық жайғасты.

Сондай-ақ, үш қатысушы байқау дипломанты атанды. Бұдан бөлек, Төлеген Момбеков, Нұрғиса Тілендиев және Сүгір Әлиұлы атындағы арнайы жүлделер табысталды.

Айта кетейік, байқауды Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан байқаудың мақсаты – мәдени мұра мен ұлттық болмысты насихаттау, ұлы даланың төл өнері саналатын күйді ұлықтау, оңтүстік аймағының күй өнерін дәріптеу. Сондай-ақ, дарынды орындаушыларға жол ашып, жас буынды дәстүрлі өнерге баулу, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру да мұрат етілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You