
Түркістан облысында атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобалардың сапалы орындалуын бақылау мақсатында облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Шардара және Келес аудандарына барды. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарының жұмысымен танысып, мердігерлермен кездесті.
Алдымен, аппарат басшысы Шардара ауданында болды. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауданда туризмді дамыту мақсатында қолға алынған жағажайға баратын жол құрылысымен таныстырды. Қазіргі уақытта мұнда жолды тегістеу және тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, асфальт төселіп, жағажай аумағына электр желісі тартылады.
Кейіннен, Шардара қаласының «Өтеғұл» шағынауданында салынып жатқан 300 орындық «жайлы мектептің» құрылыс барысы таныстырылды. Құрылыс жұмыстарын бақылаған Еркебұлан Дауылбаев мердігерге жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар Ж.Қолдасов көшесінде әлеуметтік осал топтарға арнап салынып жатқан 10 тұрғын үйді аралап көрді. Одан бөлек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан №2 шағын аудандағы бұрынғы бей-берекет қоқыс орны болған жерді абаттандыру жұмыстарымен танысып, ұсыныстарды тыңдады.
Ауданға іссапар барысында аппарат басшысы «Болашақ» шағынауданындағы жеке инвестиция есебінен салынып жатқан 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Инвесторлармен және сала мамандарымен кездесіп, нысанның сапасы мен инженерлік жүйелермен толық қамтылуын пысықтады. Үйдің сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Жобалардың уақытылы, әрі сапалы аяқталуы – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды факторларының бірі екенін атап өтіп, нысандардың құрылысы бақылауда болатынын жеткізді.
Осы күні аппарат басшысы Келес ауданына барып, бірқатар нысанды аралады. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, құрылыс барысымен таныстырды.
Ауданға қарасты Абай ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орындық білім ордасы, спорт кешені мен екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Ал, Біртілек ауылында 300 орындық мектеп бой көтеруде. Одан бөлек, Жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражай ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысандарды аралау барысында Еркебұлан Дауылбаев мердігерлерге ескертулер айтып, жұмысты ширатуды, сапаға жұмыс істеуді тапсырды.
Иә, Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бірқатар әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Мемлекетке қайтарылған активтер және жергілікті бюджет есебінен Келес ауданында 12 әлеуметтік жоба қолға алынды. Атап айтқанда, Жүзімдік, Бірлік және Ақтөбе ауылдық округтерінде ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысан пайдалануға тапсырылған соң 1805 үйді қамтитын 13 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Жалпы, жыл соңына дейін аудандағы елді мекендердің барлығы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылады.
Сонымен қатар ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған ірі жоба – «Өгем» өзенінен Келес ауданына су жеткізу бастамасы қолға алынған. Қазіргі уақытта құжаттары әзірленуде. Жоспарға сәйкес, жобалау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, құрылыс жұмыстары келесі жылы басталмақ. Бұл жоба инвестор есебінен жүзеге асырылады. Құрылыс мерзімі – үш жыл. Нәтижесінде, оңтүстік өңірлердің су тапшылығы мәселесін шешіліп, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал мен Жетісай аудандары ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілмек.
Бұдан бөлек Келес ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде аудан бойынша барлығы 83 елді мекен болса, соның 59-ы «көгілдір отынға» қосылған. Бұл жалпы қамтудың 71,1 пайызын құрайды.
Қалған 24 елді мекенге де табиғи газ тарту мәселесі кезеңімен шешілуде. Қазіргі уақытта 4 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық, Қоралас, Қошқарата округіндегі Ұшқын елді мекені және Бірлік округіндегі Бірлік елді мекені.
Сонымен қатар 9 елді мекенге магистральды газ құбырын тарту үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамалық оң қорытындысы алынған. Бұл елді мекендер қатарына Бірлік ауылдық округіндегі Жаңатіршілік, Қосөткел, Үшағаш, сондай-ақ Ошақты округіндегі Бақшысай, Ынталы, Саттаров, Қаратал, Атақоныс және Жиделі ауылдары кіреді.
Аудан орталығы Абай ауылында табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Дегенмен, кейбір көшелер мен тұрғын үйлерде жіңішке диаметрлі газ құбырларын ауыстыру қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты жаңа жобалар әзірлеу мақсатында сәулет-жоспарлау тапсырмалары дайындалып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.