Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Төлеби ауданына арнайы іссапармен барды

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Төлеби ауданына арнайы іссапармен барды. Сала мамандарымен жиналыс өтіп, 4 мәселе қаралды. Аудандағы инфрақұрылым, туризм, заңсыз құрылыстар, дала өрт оқиғалары мен демалыс аймақтарындағы суға кету қаупінің алдын алу бағыттарындағы шаралар баяндалып, алдағы жоспарлар қаралды.

Төлеби ауданында 55 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Дегенмен, кейбір елді мекендерде су құбырларын жаңартып, жаз мезгілінде су тапшылығын жою қажет. Осы ретте Балдыберек өзен бойындағы 12 елді мекендегі 25 мың тұрғынды сапалы ауыз сумен қамту, су тапшылығын шешу мақсатында төрт жоба ұсынылды. Ал Леңгір қаласындағы ауыз су мәселесін шешу үшін «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі аумағындағы Ақмешіт бұлағынан су тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ 12 елді мекендегі ауыз су сапасын жақсарту мақсатында қосымша ұңғымалар қазылуда.

Жиында дала өрттерінің алдын алу жұмыстары, шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары талқыланып, бұл бағыттағы жұмысты күшейту тапсырылды. Төлеби ауданында биыл суға бату оқиғасы тіркелмеген. Осы ретте демалыс аймақтарындағы бассейндерге оқыс оқиғалардың алдын алу үшін туристік полиция бөлімін іске қосу, дәрігер мамандарын қызметке алу ұсынылды. Сондай-ақ, жол апаты жиі орын алатын аймақтарға сергек камераларын көбейту жоспарлануда.

Өңірдің су қорғау аймақтарындағы заңсыз құрылыс нысандарын анықтап, тиісті жұмыстар жүргізу жалғасуда. Жалпы 85 нысан зерделеніп, заң талаптары сақталмаған 44 нысан иелеріне ескерту хат жіберілген. Хаттама түзіліп, тиісті шара қабылдау жөнінде ұсыныс берілді. Сондай-ақ, туристерді «E-Qоnaq» жүйесіне тіркеу жұмысы жанданады.

Зұлпыхар Сансызбайұлы жиын барысында тиісті сала өкілдеріне хаттамалық тапсырмалар жүктеп, олардың жүйелі орындалуы қатаң қадағаланатынын ескертті.

Бұдан бөлек Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Төлеби ауданына арнайы іссапармен барып, ондағы өзекті мәселесі бар құрылыс нысандарын аралады.

Алдымен Ленгір қаласындағы «3-кәріздік тазарту қондырғысының» (КОС-3) құрылыс жұмыстарын көрді. Бұл кәріздік тазарту қондырғысы тәулігіне 3500 м3 су өңдейді. Сондай-ақ қаладағы кәріз жүйесінің мәселесін түбегейлі шешу үшін №1,2 кәріз тазалау ғимараттарын күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы қаралды.

Іссапар «Алатау» шағынауданындағы электр қосалқы станциясына жалғасты. Қала аумағын электр қуатымен қамтуға арналған станция құрылысы толығымен аяқталған. Қазіргі кезде құжаттарын реттеу жұмыстары жүргізілуде. Маусым айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, аудан орталығының «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» мөлтек аудандарындағы жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар сапалы электр энергиясымен қамтылады.

«Алатау» мөлтек ауданында автомобиль жолдарына 22,4 шақырым асфальт төсеу, суағар орнату, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жер кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдерінде электр жүйелері, ауыз су құбырлары тартылған. Нысан құрылысы толығымен аяқталғанда 562 азамат жер теліміне ие болады.

Зұлпыхар Сансызбайұлы Ленгір қаласындағы №1 су жинақтаушы құрылғысының жұмысымен танысып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын жүйеге келтіруді тапсырды.

Су демекші, бүгін сондай-ақ Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Сапар аясында ол «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының ғимаратында өңірдегі су шаруашылығына жауапты мамандармен және жергілікті билік өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.

Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев, сондай-ақ «Тұран-Су» мекемесінің өкілдері қатысты. Жиын барысында суармалы егістік алқаптарды сумен қамту, су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ ирригациялық жүйелерді жаңғырту жайы сараланды.

Ерболат Ибрайханов өңірдегі су тапшылығы проблемаларына арнайы тоқталып, ұсыныстарды тыңдады. Вице-министр Түркістан облысы аумағындағы ИБР бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан тік ұңғымалар құрылысы жыл соңына дейін толығымен аяқталуы тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді басқару және агроөнеркәсіп кешенін дамыту барысында өзара ынтымақтастықты нығайту маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, биыл «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы шамамен 300 шақырым каналдарды механикалық әдіспен тазартты. Сондай-ақ, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен филиал балансына 38 жаңа техника берілді.

Сапар аясында вице-министр облыстағы бірқатар су нысандарын аралап, жергілікті қалыптасқан жағдаймен танысады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You