
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жетісай және Мақтаарал аудандарының шаруаларымен кездесіп, Түркістан облысындағы суару маусымын қорытындылады.
Ведомство басшысы шаруаларға ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру шаралары туралы айтып берді. Биыл Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілген жаңа функциялар аясында 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы трансферттер есебінен алдағы үш жылда Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу мен суармалы су беру қызметтерін инвестициялық субсидиялау үшін шамамен 90 миллиард теңге қарастырылған.
Айта кетейік, былтыр министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алуға, орнатуға және инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Сонымен қатар суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді. Егер су үнемдеу жүйелері қолданылса, субсидия көлемі 85%-ға дейін өседі.
«Аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауы Қазақстанның оңтүстігінде күрделі жағдай туғызды. Алайда жедел қабылданған шаралардың арқасында ахуалды тұрақтандырып, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ете алдық. Министрлік арнайы жұмыс топтарын құрып, оңтүстік облыстардағы су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізді, суармалы суды әділ бөлуге бақылау жасады, кезекшілік кестелерін бекітті, заңсыз су алуға қатысты тексерістер жүргізді және түсіндіру жұмыстарын атқарды. Болашақта мұндай қиындықтарға жол бермеу үшін су үнемдеу технологияларына белсендірек көшу қажет. Осы мақсатта біз заманауи суару жүйелерін енгізуді субсидиялау шарттарын жетілдірдік», – дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығында ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту міндетін жүктеген болатын.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған шаралар атқарылып, нәтиже беруде.
Биыл облыста су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, бүгінгі таңда нақты 59 мың гектар алқапқа орналастырылды. Оның ішінде, 44 мың гектарға тамшылатып суғару технологиялары, ал 15 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиялары енгізілді. Осылайша, облыста жалпы су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап 114 мың гектарға жетіп, суармалы алқаптардың 20 %-ын қамтиды.
Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту және қол жетімділігін арттыру мақсатында былтыр Сауран ауданындағы Өндірістік паркінде 3 кәсіпорын іске қосылды. Жоба құны – 12 миллиард теңге. Кәсіпорындардың жылына 73,0 мың гектар алқапты қамтуға мүмкіндігі бар.
Биыл құны 10,0 миллиард теңгені құрайтын, 60 мың гектарға алқапты қамтитын 3 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы ағын су 2 есеге дейін үнемделіп, өнімділік 2-3 есе артады.
Алдағы уақытта іске қосылатын жаңа кәсіпорындар есебінен су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп, Түркістан облысымен қатар, көршілес өңірлердің де қажеттілігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл – агросектордағы тиімділікті арттырып, су ресурстарын үнемді пайдалану бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
