
Әлемде сан алуан өнер бар. Белгілі бір ұлттан бастау алатын түрлі өнерлерді барлық халықтар үйреніп, өз өресімен дамыта алады. Ал қазақтың төл өнері «Айтыс» өнерінің классикалық деңгейін біздің елден өзге ешбір ұлт қайталай алмаған.
Аудандық Мәдениет үйінде осындай бірегей өнеріміздің мәртебесін асқақтатқан, айтыс аламанында суырып салма жырларымен ел жүрегінен орын алған, дара өнердің шоқ жұлдызы Ақмарал Леубаеваның «Жүрегімнің үні» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сөз өнерін заман тынысына бейімдей отырып, ұлттық рухты, аналық мейірімді, адамгершілік пен әділетті ту еткен талант иесінің әдеби-сазды кешіне аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, сөз шеберінің шығармашылығына үлкен құрмет білдірді. «Бүгінгі күні біздің ауданымызға арнайы келіп, шығармашылық кеш өткізіп жатқаныңызға барша аудан халқы атынан зор ризашылығымды білдіремін», — деп, ақынға ақжарма лебізін арнап, сый-сияпат тапсырды.
Жыр мен жүректің тоғысқан сәтіндей болған – руханият кешінде ақынның сөздеріне жазылған, бүгінде хит әндер шеруін бастап тұрған тамаша әндері орындалды.
Кеш барысында Ақмарал Леубаеваның осы Ордабасының төл ақыны, республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауының саңлағы, ҚР Мәдениет үздігі, республикалық, халықаралық айтыстардың бас жүлдегері Құрманәлі Жылқыбайды күтпеген жерден айтысқа шақырғаны көрерменді дүр сілкіндірді. Қос айтыс ардагері сахна төрінде Ақмарал ақынның ең алғаш жүлдесін осы Ордабасы сахнасында иеленгенін, ауданның Құрманәлі ақыны ежелден келе жатқан қарсыласы екенін тілге тиек етіп, табан астында емен-жарқын айтыс жасады.
Айта кетсек, Ақмарал Леубаева – айтыс әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, ойы орамды, сөзі салмақты, қиялы ұшқыр, тұла бойы жырдан жаралған ақын. Ақын 1969 жылы Бәйдібек ауданының Ақбастау ауылында дүниеге келген. Айтыс сахнасына алғаш 1988 жылы қадам басқан ақын содан бері халықаралық және республика көлемінде өткен аламандардың барлығында дерлік топ жарып, жүлделі орындардан көрінді. Филология ғылымдарының кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Ақынның «Сіз үшін», «Ақ шынар», «Іңкәр жүрек» атты жыр жинақтары оның шығармашылық биігінің дәлелі саналады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.