
Түркістан қаласында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстармен қатар, инфрақұрылым жүйесін дамыту жұмыстары жүйелі атқарылып келеді. Көпқабатты тұрғын үйлердің қатары артып, туризм саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жалғасу үстінде. Құрылыс барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында тұр.
Бүгін Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығының инфрақұрылым жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау мақсатында қаладағы әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлер мен жаңадан салынып жатқан жолдардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мердігерлермен жүздесіп, жұмыстарды сапалы әрі уақытында атқаруды міндеттеді.
Алдымен аппарат басшысы «Жаңа қала» шағынауданындағы №32 көшенің құрылыс алаңына барды. Бүгінде мұнда асфальттау мен бетондау, жаяу жүргіншілер жолын салу мен жарықтандыру жұмыстары 95 пайыз орындалған. Құрылыс жұмыстарына «Қаратас Майнинг» ЖШС жауапты. Сонымен қатар №36 көшені аралап, жарықтандыру мен жол салу жұмыстарын қадағалады.
Мұнан соң облыс орталығындағы №2 Әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Бүгінде ғимараттың инженерлік инфрақұрылым жұмыстары, ішкі әрлеу, жиілігі төмен байланыс желілерін тарту, ауа тазартқыш және желдеткіш жүйелерін орнату, сыртқы инженерлік желілерді тарту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Ернур «Строй и К» ЖШС жүргізуде. Құрылысқа арнайы 6 техника мен 79 жұмысшы жұмылдырылған. Нысанды биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек осы күні аппарат басшысы «Әкімшілік-іскерлік орталығы» аумағында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болып, сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын қадағалады. Ғимаратты толық аралап, тұрғын үй аумағын абаттандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Сонымен қатар Яссы көшесіне жол жүріп, ондағы абаттандыру шараларын қайта пысықтады.
Аралау жұмыстары қала аумағындағы көпфункционалды атшабар алаңында жалғасты. Нысан 99,3 гектар аумақта орналасқан. Заманауи көпфункционалды кешенде 1 500 орындың трибуна, 10 жылқыға арналған қысқы және 50 жылқыға арналған жазғы қора, 2,5 шақырымды құрайтын атжарыс алаңы, көкпар алаңы, конкур қарастырылған. Бүгінде ғимаратқа ішкі инженерлік желілер тартылып, сыртқы, ішкі әрлеу, терезе орнату, шатырын жабу, жер тегістеу және дренаж төсеу шаралары жүргізілуде. Құрылысқа 43 дана техника мен 174 адам жұмылдырылған. Нысанды осы жылдың қараша айына дейін пайдалануға тапсыру көзделген.
Құрылыс барысын бақылаған Еркебұлан Дауылбаев жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді. «Сақалды құрылысқа» жол берілмейтінін ескертіп, мерзімінен кешіккен мердігерлерге шара көруді тапсырды. Сонымен қатар жұмысшы санын арттыруды міндеттеп, сапаға баса мән беруді талап етті.
Құрылыс демекші, Мақтаарал ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекенінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында ауқымды әлеуметтік жоба іске асырылуда. Аталған жоба аясында 1 қабатты, әрқайсысы екі пәтерлі 48 тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Building Group – 1» ЖШС жүргізіп жатыр.
Жеке кәсіпкердің есебінен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған соң, мемлекет тарапынан қарастырылған 1,5 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға барлық үйлер сатып алынады.
Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен арнайы танысты. Аудан басшысы нысанның сапасына, құрылыс қарқынына және жұмысшылардың еңбек жағдайына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, мердігер компания өкілдерімен пікірлесіп, туындаған мәселелерді дер кезінде шешу, жұмыс кестесінен кешікпеу қажеттігін қадап айтты.
Айта кетейік, бұл үйлер бірінші кезекте көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға, толық емес отбасыларға және тұрғын үйге мұқтаж өзге де санаттағы азаматтарға жалға берілетін болады. Осылайша, Фирдоуси елді мекенінде жаңа шағынаудан бой көтеріп, ауылдың әлеуеті арта түспек.
Бұл ретте Сарыағаш ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып жатқанын айта өтейік. Атап айтқанда, Дербісек ауылдық округінде ішкі көшелерді орта жөндеуден өткізу жұмыстары басталып, қазіргі таңда асфальт төсеу қарқынды жүріп жатыр.
Аталған жобаның орындалу барысымен аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы танысып, құрылыс нысандарын аралап шықты. Аудан басшысы жол жөндеу сапасына ерекше мән беріп, мердігер ұйымдарға жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар сала басшысына жол сапасына бақылауды күшейтуді жүктеді.
Дербісек ауылдық округі бойынша 31 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар екі мердігер мекеме тарапынан жүзеге асуда. Оның ішінде, 15 көшені жөндеуді «Bairkum company» ЖШС қолға алса, қалған 16 көшенің құрылысына «Artd group» ЖШС жауапты. Қазіргі уақытта «Artd group» ЖШС асфальт жамылғысын төсеу жұмыстарын бастады.
Жөндеу жұмыстарын бақылау барысында Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Салаға жауапты басшыларға тапсырмалар берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
