Түркістан облысы: Арыс қаласында көгалдандыру және зиянкестермен күрес мәселесіне байланысты семинар-кеңес ұйымдастырылды

Арыс қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес елді мекендерді көгалдандыру, тұқымбақтарды дамыту, шегірткемен күресу және сасық кеурек өсімдігін қазу жұмыстарына тоқтау салу бағытында семинар-кеңес өтті.

Семинар-кеңеске облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары мен Табиғат қорғау полициясының қызметкерлері, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-шаруашылық бөлімдерінің басшылары, көгалдандыру мекемелерінің өкілдері, аудандық аумақтық инспекция басшылары, республикалық, облыстық орман мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ «мамандандырылған «Қорған» жедел қызметінің аудандық мемлекеттік инспекторлары қатысты.

Семинар барысында көгалдандыру жұмыстарының қазіргі ахуалы, елді мекендердегі ағаш өсірудің проблемалары сараланды. Сондай-ақ сасық кеурек, мия өсімдігін қазуды тоқтату жайы талқыланды. Жауаптылар ағаш көшеттерінің өну деңгейін арттыру, аса қауіпті зиянкестер мен жергілікті шегірткелерге қарсы биылғы химиялық өңдеу жұмыстарын қорытындылау, 2026 жылға таралу аумақтарын нақтылау бойынша баяндама жасады. Жиынға қатысушылар ойларын ортаға салып, өз ара пікір алмасты.

Облыс әкімінің орынбасары басқарма басшыларына семинар-кеңесте көтерілген мәселелерді заң аясында зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

– Бүгінгі таңда көгалдандырумен қатар табиғатты қорғау мәселесі де өзекті. Табиғатты пайдаланудың өз талабы мен ережелері бар. Олардың сақталуын қамтамасыз етуде құзырлы мекемелермен бірге жұмыс атқару маңызды, – деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.

Айта кету керек, кеурек пен қызыл мия өсімдіктерін пайдалану құқығын шектеу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, табиғи популяциясының қалпына келуі үшін облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, қызыл мияны 5 жыл, ал кеуректі 8 жыл бойы жұлуға тыйым салынды. Енді оларды заңсыз қазғандарға шара көрілетін болады.

Осыған орай, сасық кеурек өсімдігінің заңсыз қазылуының алдын алу бойынша Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан арнайы жұмысшы топ құрылды.

Жұмысшы топ өкілдері Арыс қаласы, Отырар, Шардара, Сарыағаш және Келес аудандарына арнайы рейд жүргізді. Нәтижесінде Арыс қаласының аумағын аралау барысында Ақдала ауылдық округінен 4 уақытша тұрғынжай және жабайы сасық кеурек өсімдігінің тамырын қазып жүрген 23 шетел азаматы анықталды. Олардың 8-і Өзбекстан, 15-і Тәжікстан Республикасының азаматтары болып шықты.

Сонымен қатар, Отырар ауданы, Қарақоңыр ауылдық округінің 2598 гектар аумағынан 4 уақытша тұрғынжай және жабайы өсетін сасық кеурек өсімдігін заңсыз қазып жүрген 45 шетел азаматтары анықталды. Оның ішінде 39-ы Өзбекстан, 6-уы Тәжікстан Республикасының азаматтары.

Аталған азаматтардың барлығы полиция бөлімдеріне жеткізіліп, 23 шетел азаматы жергілікті соттың шешімімен ел аумағынан аластатты. Ал, қалған 45 шетел азаматтары бойынша сотқа дейінгі іс-құжаттар дайындалып жатыр.

Айта кетейік, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Тағы бір атап өтерлігі, Арыс қаласындағы «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» мекемесіне қарасты Сырдария филиалының енді өз ғимараты бар.

Ғимарат Қожатоғай ауыл округіндегі Есқара ата ауылында Сырдария өзені маңында орналасқан. Ғимарат қосымша биіктігі 7 метрді құрайтын, заманауи жабдықталған бақылау бекетімен қамтылды. Бақылау бекетіндегі рацияның байланысқа шығу аумағы 50 шақырым қашықтықты құрайды. Оған қоса, бекет маңында 3 тікұшақ алаңы қарастырылған.

Сонымен қатар, мамандандырылған «Қорған» жедел қызметіне де арнайы ғимарат қарастырылып, күрделі жөндеуден өтті. Мекемеге 5 патрульдік автокөлік берілді.

Арыс қаласына жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жаңартылған нысандарға барып, мекемелердің жұмыс барысымен танысты.

Осы күні облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Арыс қаласын көгалдандыру барысын аралап көрді.

Дендросаябақтың және Арыс-Шардара айналма жолының бойына егілген ағаштардың жағдайын тексеріп, «Жасыл Арыс» тұқымбағының тыныс-тіршілігіне қанықты.

1,0 гектарда орналасқан тұқымбақта қазіргі таңда жалпы 8 түрлі 100 мың көшет бапталуда. 2022-жылдан бері 168 мыңнан астам көшет дайындалып босатылған.

Қазіргі таңда мұнда толық тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген. Мамандар қаланың кәріз суы станция арқылы тазаланып, тұқымбақты суғаруға пайдаланылып отырғанын жеткізді.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You