
Бүгін Арыс қаласында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында және «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасын сапалы жүзеге асыру мақсатында коммуналдық сала қызметкерлеріне жаңа техникалар табысталды.
Салтанатты шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев қатысып, сала мамандарына техника кілттерін табыстады. Қала басшысы өз сөзінде еңбек адамдарын – жұмысшы мамандық иелерін ерекше атап өтіп, олардың қаланың көркеюі мен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қосып отырған үлесін жоғары бағалады.
Жаңадан алынған техникалар қатарында 6 дана «МТЗ-82» тракторы бар. Бұл техникалар қала аумағынан бөлек елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау жұмыстарында пайдаланылатын болады. Трактордың қосымша қар тазалайтын, жол сыпыратын құрылғылары және қатты тұрмыстық қалдықтарды тиеуге арналған бөліктері бар.
Сонымен қатар қазіргі уақытта тағы да 2 жүк тиегіш пен 6 трицикл әкелінуде. Бұл көліктер қаланың тазалық деңгейін көтеруге, еңбек өнімділігін арттыруға және жұмысшылардың қызметін жеңілдетуге бағытталған.
Жаңа техникалар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, санитарлық талаптарды сақтау жұмыстарының тиімділігін арттыруға сондай-ақ, халықтың өмір сүру сапасын көтеруге мол үлес қосатыны анық.
Экологиялық ахуал демекші, Шардарадағы жағажайда қауіпсіздік пен тазалық жұмыстары күшейтілді. Шардара – тек экономикалық емес, туристік әлеуеті жоғары аудан. Сондықтан мұндағы әрбір нысан мен табиғи аймақты тәртіпке келтіру – ортақ міндет. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аймаққа арнайы барып, Шардара жағажайы маңында атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді.
Халықтың жаз мезгілінде жиі демалатын орнына айналған жағажай маңы тазартылды. Қауіпсіздік қызметі күшейтіліп, кезекші құтқарушылар жұмысы жолға қойылды. Суға жақын орналасқан сәкілер толығымен жағалаудан 50 метр қашықтыққа алшақтатылып, суға шомылу аймағында көліктердің қозғалысы шектелді. Бұл шаралар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жағажай инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Қазіргі таңда шомылу аймағы кеңейіп, тазартылып, азаматтарға жайлы әрі қауіпсіз демалыс орнына айналып отыр.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты сала өкілдері мен кәсіпкерлерге жағажай демалушыларына қолайлы жағдай жасап, жуынатын орынды, әжетхана мәселесін, тазалық шарасын дұрыс үйлестіруді тапсырды.
Аталған жұмыстар облыс әкімдігінің қатаң бақылауында және жазғы шомылу маусымы бойы үздіксіз мониторинг жүргізіледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
