![]()
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Арыс қаласының Стадион тұрғын ауданындағы қыр беткейінде «Жасыл болашақ» ұранымен жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Игі шараға қала әкімі Қайсар Маңқараевтың бастауымен ардагерлер мен мемлекеттік қызметкерлер, теміржолшылар мен депутаттар, түрлі мекеме ұжымдары, ерікті жастар және қала тұрғындары белсенді қатысты.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тазалық шарасында көпшілік Стадион аумағындағы бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоршаған ортаны ретке келтірді. Жиналған қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен қала аумағындағы полигонға шығарылып, санитарлық тазалық талаптарына сай тиісті жұмыстар жүргізілді.
Сенбілік барысында қала әкімі тазалық жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, қала тазалығы мен экологиялық тәртіпті сақтау — баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Қайырымдылық пен жанашырлық үлгісін көрсеткен арыстық кәсіпкер «Abeke plov» мейрамханасы сенбілікке қатысқан азаматтарға палау таратып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұдан бөлек, «Арыс минералды су» кәсіпорны мен «ХАН» фастфуд орталығы келушілерге су ұсынса, «Хадиша таба нан» орталығы ыстық нан таратты. Кәсіпкерлердің айтуынша, туған қаланың тазалығы мен көркеюіне әрбір тұрғын бейжай қарамауы тиіс.
Сонымен қатар, қоғамдық іске белсенді атсалысқан азаматтарға “Mobibo” электронды сауда орталығы түрлі техникалар табыс етсе, тағы 10 азаматқа өнер иесі Ержан Қайратұлының жеке шығармашылық кешіне арнайы билеттер табысталып, олардың еңбегіне құрмет көрсетілді.
Аталған шара Арыс қаласында тазалық пен қоғамдық жауапкершілікті ұштастырған тағылымды бастамаға айналып, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлық көзқарасын айқындай түсті.
Еске салайық, бүгін Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай қорық аумағында өтіп, «Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Президентімен телекөпір байланысы орнатылды. Акция барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, екі жыл бұрын тағылымы мол, мән-мазмұны айрықша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталғанын айтты.
– Халқымыз ежелден «тазалық» ұғымына ерекше мән берген. Жұртымыз «таза» сөзін кең мағынада қолданады. Мысалы, арлы, ниеті түзу, адал адам туралы айтқан кезде «ары таза, ойы таза, жүрегі таза» адам деп сипаттаған. Бабаларымыз әрдайым табиғатпен етене байланыста өмір сүрген, қоршаған ортаны қорғау қастерлі міндет деп санаған. «Обал болады» деп, жас ұрпақты табиғатқа ешқандай зиян келтірмеуге үйреткен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп, Жер-Анаға жанашыр жүрекпен қарауға тәрбиелеген. Міне, бүгін де тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналып жатыр. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі. Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы акцияға атсалысқан отандастарымызға, әсіресе, жастарға ризашылығын білдірді.
– «Таза Қазақстанның» негізгі қозғаушы күші және арқауы жастар десек, артық болмайды. Ұл-қыздарымыз ортақ іске белсене атсалысып, жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетіп жүр. Бүгінгі маңызды іс-шараға жасампаз әрі жаңашыл жастар қатысып отыр. Еліміздің жарқын болашағы – сіздер сияқты рухы мықты, отаншыл, ерік-жігері күшті азаматтардың қолында. Түптеп келгенде, біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Барымыз да, басты байлығымыз да – қастерлі Отанымыз Қазақстан. Сондықтан қасиетті жеріміздің, киелі еліміздің Озық, Қауіпсіз, Күшті әрі Таза болғаны тек бізге ғана керек. Осыны дұрыс түсінген абзал. Бұл жобаның түпкі мәні – табиғатты аялау, тазалық пен тәртіпті дәріптеу, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ұлт қалыптастыру, – деді Президент.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
