Түркістан облысы: Арыстық балалар «Бақытты отбасы» жобасы аясында қуанышқа бөленді

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Арыс қаласындағы Төлеген Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында ерекше мерекелік іс-шара өтті. Бұл игі шара «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында ұйымдастырылып, балаларға қуаныш пен шаттық сыйлады.

Мерекелік шарада «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева мен Арыс қалалық партия филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков балаларды айтулы күнмен шын жүректен құттықтап, олардың қуанышына ортақтасты. Шара аясында олар тәрбиеленушілер дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, бүлдіршіндердің өнеріне ризашылық білдірді.

Мерекелік көңіл-күй сыйлауға келген партия өкілдері балаларға тосынсый жасады. Одан бөлек, партия жанындағы «Әйелдер қанатының» облыстағы жетекшісі Қалыйма Жантөреева мектеп бітірушілерге өз қолымен өрнек салып тігіп, бітіру кешіне арналған «Бойжеткен» топтамасын табыстады. Сәнді көйлектер мен салтанатты киім топтамаларын алған балалар үлкен қуанышқа бөленді. Аманаттықтар әзірлеген сыйлықтар жас толқынның көңілінен шығып, олар шаттыққа кенелді. Балалар қамқорлық көрсеткен азаматтарға шынайы ризашылықтарын білдіріп, өздерінің шығармашылық өнерлерін көрсетті.

Іс-шара барысында партия өкілдері балалар ауылын аралап, тәрбиеленушілердің тұрмысымен, шығармашылық еңбектерімен танысты. Балалар өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын, суреттерін, түрлі жетістіктерін көрсетті.

Айта кетейік, Төлеген Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында қазіргі таңда 7 отбасы бар, онда 61 бала тәрбиеленіп жатыр. Әр отбасы отандық рухани құндылықтарға негізделген, ата-аналық қамқорлықпен құрылған ортада өсіп келеді. Бұл мекеме балаларға тек баспана ғана емес, мейірім мен махаббатқа толы отбасылық ахуалды сыйлайды.

«AMANAT» партиясының бастамасымен өтіп жатқан «Бақытты отбасы» жобасы аясындағы бұл іс-шара – бала құқығын қорғау мен олардың бақытты өмір сүруіне үлес қосуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Орайы келгенде атап өтер тағы бір ақпарат, Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Ұмай ана» фестивалі өтті.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асыру мақсатында өткізілді.

Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Ұмай ана» фестиваліне Түркістан облысына қарасты 13 аудан, қаладан 50 жастан асқан аналар қатысып, III кезеңнен тұратын сайыста бақ сынады. Атап айтсақ, бірінші кезең – әр қатысушы құрамның жетекшісі топты таныстыруы; (берілетін уақыт – 3 минут); Екінші кезең – Отбасын қорғаушы мейірімді ана рөлін театрландырылған қойылым көрсетуі; (уақыт — 4-5 минут); Үшінші кезең – «Тәрбиенің түп-тамыры – ұлттық тәрбие» аталымымен ұрпақ тәрбиесіндегі үздік тәжірбесін көрсету (берілетін уақыт — 3-4 минут).

Қазылар алқасының мүшелері қатысушылардың өнері мен әлеуетін бағалау кезінде үміткердің өзін ұстау мәдениетіне, тапсырмаларды орындау шеберлігіне, көшбасшылық қасиетіне, түрлі ситуациялық жағдайлардан оңтайлы шыға алатын көрегенділігіне, тіл тазалығына, киіміне назар аударды.

Фестиваль қорытындысында Мақтаарал ауданының «Асыл аналар» тобы үздік шығып, 1-орынды иеленді. Ал Түлкібас ауданының «Шаңырақ шуағы» тобы 2-орынды еншілесе, Бәйдібек ауданының «Домалақ ана» тобы 3-орынға лайық деп танылды.

Сондай-ақ өз өнерлерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Төле би Ару аналар» (Төле би), «Сырлы Созақ аналары» (Созақ ауданы), «Нұрлы ана» (Сарыағаш ауданы), «Шежірелі әжелер» (Түркістан қаласы), «Ұлы дана аналары» (Шардара ауданы), «Қазығұрт асулары» (Қазығұрт ауданы), «Берекелі босаға» (Сауран ауданы), «Ақ кимешек – Аналардың ақ тәжі» (Ордабасы ауданы), «Дәстүр әжелер тобы» (Отырар ауданы), «Қарлығаш» (Сайрам ауданы) топтары арнайы марапаттарға ие болды.

Іс-шара соңында фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлері Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл орайда, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова марапат иелерін арнайы құттықтап, алғыстарын жеткізді.

Еске салайық, Бүкіл әлемде 1 маусым Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіп, ескі халықаралық мейрамдардың бірінен саналады. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You