![]()
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өзі жетекшілік ететін салалар бойынша «Ашық әкімдік» кеңсесінде азаматтарды жеке қабылдап, талап-тілектерін жан-жақты тыңдады.
Қабылдауға аудан, қаладан жиналған тұрғындар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамту, денсаулық сақтау және кәріз жүйесіне қатысты өтініш-шағымдарын жеткізді. Түркістан қаласы, Мақтаарал, Отырар, Сауран, Бәйдібек аудандарынан келген азаматтар тұрғын үй кезегіне тұру және мүгедектігі бар азаматтар баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін қозғады. Сонымен қатар, қабылдауға жазылған тұрғындардың бірі, кәріз жүйесінің ретсіз жүргізілуі салдарынан үйінің апаттық жағдайда тұрғанын айтып, тиісті шара көруін сұрады.
Бірінші орынбасар айтылған талап-тілектерді мұқият тыңдай келе, салаға жауапты мамандарға тұрғындардың өтініштерін назарға алып, мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды.
15 шілдеде «Ашық әкімдік» кеңсесінде бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек те өзі жетекшілік ететін салалар бойынша азаматтарды қабылдап, жеке мәселелері мен ұсыныстарын тыңдаған-ды.
Қабылдауға аудан, қаладан жиналған тұрғындар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, түркістандық тұрғын кәсіпкерлік саласына қатысты қағаз қалдықтарын қайта өңдеудің тиімді тәсілін жетілдіру туралы ұсынысын айтты. Кезекті тұрғын қайта өңдеу кәсібіне инвестор тарту және қолдау көрсетуін сұрады. Айта кетейік, аталған азамат осыған дейін «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8 миллион теңге несиемен қамтылып, өткен жылы 1,4 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болған.
Грант демекші, Түркістан облысында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттың І легі бойынша комиссия отырыстары өтті. Комиссия жұмысына облыс бойынша 1542 азаматтың өтінімі қабылданған. Оның ішінде 236 мүгедектігі бар азамат және пробация есебіндегі 5 азамат бар.
Биыл мемлекеттік қайтарымсыз грант беру тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптарға сәйкес, бұрын мемлекеттік грант немесе микрокредит алғандар, қызметін уақытша тоқтатқан дара кәсіпкерлер, мерзімі өткен берешегі бар азаматтар, еңбек шарты бар тұлғалар және талаптарға сәйкес келмейтін өзге де үміткерлер грант ала алмайды.
Комиссия шешімі шыққаннан кейін Еңбек мобильділігі орталығы грант иегерлерімен шарт жасасып, қаражатты қолма-қол ақшасыз аударады. Грант алушылар екі жыл бойы тоқсан сайын бизнес-жоспардың орындалуы жөнінде есеп беріп, 18 ай ішінде кемінде бір тұрақты жұмыс орнын ашып, Мансап орталығының жолдамасымен жұмыс іздеушіні еңбекке орналастыруы тиіс. Жобаларды қарау 15 шілдеде аяқталды.
Сонымен қатар, карьер, жер заңдастыру мәселелері көтерілді. Әкім орынбасары аталған талап-тілектер назарға алынып, бұл бағыттағы жұмыстар өз шешімін табатынын айтты.
Айта кетейік, облыс әкімінің және оның орынбасарларының жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы және Азаматтарды қабылдау орталығына келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
