
Бәйдібекте тұрғындардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында жеке қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев арнайы келіп қатысты.
Жеке қабылдау барысында азаматтар тарапынан бірқатар мәселелер көтерілді. Тарқатып айтсақ, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында әлеуметтік қолдау алу, Боралдай ауылдық округіндегі Боралдай – Шымкент тас жолын жөндеу, Жұлдыз және Боралдай елді мекендеріне газ тарту және тағы басқа да мәселелер жұртшылықты толғандырып жүр екен. Көтерілген мәселелердің бірқатары жауапты сала мамандарының қатысуымен сол жерде нақты түсіндіріліп, дер кезінде шешімін тапты. Ал кейбір мәселелер уақыт пен қаржы көздеріне байланысты кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов тұрғындар өтінішіне жіті назар аударып, жауапты сала жетекшілері мен аудан әкімінің орынбасарларына, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Аталған мәселелердің орындалу барысы Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаевтың тұрақты бақылауында болатындығы айтылды.
Бұл кездесу мемлекеттік органдар мен халық арасындағы ашық диалогты қалыптастырудың, жергілікті деңгейде қордаланған мәселелерді жүйелі шешудің жарқын үлгісі екені сөзсіз.
Жеке қабылдау демекші, бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Freedom Holding Corp.» компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Тимур Турловпен кездесті. Кездесуде Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.
– Тарихи Түркістанға қош келдіңіз. Біздің өңірге қатысты жобаларыңызды қарастырып, идеяларыңызды тыңдауға дайынбыз. Облыста өндіріс орындарын ашуға, жаңа технологияларды енгізуге қолдау көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров.
Тимур Турлов «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру мен интернет сапасын жақсарту, ІТ саласындағы технологияларды енгізу және өзге де бастамалар туралы айтты. Қос тарап ұсыныстарды талқылап, жобаларды нақтылау жөнінде уағдаласты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
