
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға жаңа оқу жылына дайындықты күшейтуді, білім ұяларының құрылысы мен жөндеу жұмыстарын қатаң қадағалауда ұстауды тапсырған болатын. Осы бағытта облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен жауапты басқарма өкілдері апта сайын аудан, қалалардағы мектептердің дайындығын зерделеп жүр.
Бұл жолы облыс әкімінің орынбасары Бәйдібек ауданындағы жаңғыртудан өтіп жатқан мектептерге барды. Биыл 5 елді мекендегі 5 мектеп реновация тізіміне енгізілген. Құрылыс жұмыстары мамыр-маусым айларында басталған-ды. Жаңа оқу жылында толық аяқталып, ауыл балаларының игілігі үшін пайдалануға берілуі тиіс.
Боралдай ауылындағы Саттар Ерубаев мектебі 1983 жылы салынған. 960 орындық ғимаратта 634 бала оқиды. Білім ошағы ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Борлысай ауылдық округінде орналасқан 200 орындық Ақтас мектебіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Ғимараттың құрылысы келер жылға өтпелі. Жарықбас ауылындағы 176 орынға арналған Л.Өтешов атындағы білім ұясы мен Мыңбұлақ ауылдық округіндегі 310 орындық Қайнар мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алған. Қарашаға дейін жалғасады. Шаян мектеп-лицейіндегі ағымдағы жөндеу тиянақты атқарылуда. Нысан 660 орынға лайықталған.
Бейсенбай Дәулетұлы білім нысандарындағы жөндеу жұмыстарын бақылап, жауапты тұлғаларға бірқатар ескертулер жасады. Біразына ортақ бір мәселе – жұмысшылар санының аздығы. Жұмыс күшін тиімді пайдаланбайды. Құрылысшылар санын 30-дан 70-ке дейін көбейтулері керек.
– Біздің басты талабымыз – құрылысты сапалы жүргізу және бекітілген кестеге сай бітіру. Жауапкершілігі жоқ, балалардың болашағына салғырт қарайтын мердігер мекемелерді аяп қалмаймыз. Өкінішке қарай, арасында ондай компаниялар кездесіп отыр. Заң аясында тиісті шараларды дереу қабылдап, айыппұл салынады. Сотқа дейін жеткізбей, артылған міндетті орындаулары қажет, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Атап өтерлігі, Саттар Ерубаев және Шаян мектептерінің маңында жаңа жабық футбол алаңшасы бой көтерген. Біреуі ашылуға дайын тұр. Алдағы уақытта оқушыларды спортқа баулуға, іс-шаралар өткізуге және «Art sport» мемлекеттік бағдарламасын енгізуге әбден лайық.
Іссапар барысында «Тау шыңы» демалыс аймағы да назардан тыс қалмады. Бұған дейін аудан балалары басқа аумақтардағы жазғы сауықтыру лагерьлеріне жіберілсе, модульді лагерьлер салынғалы, осында тынығуда. Бүгінде 330-дан астам оқушы табиғат баурайында балалық шағын қызықты өткізіп жатыр.
Ал, Түркістан облысының Отырар ауданында биыл 7 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 3-еуі реновация тізіміне енгізілсе, 4 мектеп ағымдау жөндеуден өтуде.
1 тамыз күні облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Отырар ауданына арнайы ісаапармен барып, жаңғыртудан өтіп жатқан үш мектептің құрылыс барысымен танысқан-ды. Білім нысандарын аралап, жауапты тұлғалармен кездесті. Аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев атқарылып жатқан шараларды баяндады.
Шәуілдір елді мекеніндегі Шәмші Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясы 1971 жылы салынған. 960 орынға арналған білім ошағында 1000-нан астам бала оқиды. Ал, Ақтөбе ауылындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп 1988 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде 440-тан астам оқушы білім алуда. Жаңа Шілік ауылындағы 624 орындық Мұхтар Шаханов атындағы білім ұясының салынғанына 50 жылдан асқан.
Аталған үш мектепте де құрылыс маусым айында басталды. Белгіленген жұмыс кестесіне байланысты тамыз айында аяқталуға тиіс. Жөндеу жұмыстары республикалық қаражат есебінен орындалуда. Құрылысқа жауапты мердігер мекемелер — «OIMAG QURYLYS» ЖШС, «НТ ГРУП» ЖШС, «NDS GROUP» ЖШС.
Бейсенбай Дәулетұлы мердігер компанияларға қатаң ескертулер жасады. Артылған жауапкершілік пен міндетті сапалы атқару, ғимараттарды уақтылы әрі мерзімінде қолданысқа тапсыру, материалдық-техникалық базамен қамту, жұмысшылар санын көбейту жөнінде тапсырмалар жүктелді. Айтуынша, кестеден кешіккен мердігер компанияларға тиісті шаралар қолға алынып, айыппұл салынады. Себебі 1 қыркүйек күні балаларға мектепте баруы керек. Сондықтан жөндеу барысындағы мониторинг тұрақты жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
