Түркістан облысы: Биыл Сауран ауданында Рәміздер алаңы салынады деп жоспарланған

Түркістанда 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Рәміздер алаңында» тұғырлы көк байрағымыз көкке көтеріліп, Әнұран шырқалған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым, белгілі спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.

– 1992 жылы Мемлекеттік рәміздер бекітіліп, 4 маусым – айтулы күндер қатарына қосылды. Бүгінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың бойтұмарына айналды. Көк байрақ – айбарымыз, Елтаңба – елдігіміздің арқауы! Біздің қастерлі рәміздерімізді әлем мойындайды және құрметтейді. Біз – мұны зор мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан мемлекетін құру, тәуелсіз елдің азаматы болу – тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Тәуелсіздікті сақтау – оның Рәміздерін құрметтеуден басталады. Әнұран, Ту және Елтаңба – барлық қазақстандықтардың мақтанышы, отаншылдықтың нышаны. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі міндеті! Бұл ретте жас ұрпақтың бойына оның маңызын түсіндіре білуіміз керек. Түркістан облысында да бұл бағытта тиісті жұмыстар жүруде. Әрбір отандасымыз Әнұранды шырқап, Көк туды қадірлесе – жарқын болашаққа жол ашылады. Көк байрағымыз биікте желбіресін, Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Шара барысында облыс өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мемлекеттік туды көтеру кезінде «Jana Lep» шығармашылық ұжымы мен мектеп оқушылары Мемлекеттік Әнұранды бір мезгілде орындады. Бұдан бөлек, патриоттық әуендер шырқалып, жігерлі жастарымыз өнерлерімен көпті тамсандырды.

Айта кетейік, облыста 26 Рәміздер алаңы мен ту тұғырлары бар. Биыл Мақтаарал мен Сауран аудандарында Рәміздер алаңы салынады деп жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Өз кезегінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Сауран ауданының тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

«Сіздерді 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің берік негізі, ұлттың рухын көтеретін, жүрекке мақтаныш ұялататын қасиетті нышандар. Туымыз – биік арманымыздың белгісі, Елтаңбамыз – мемлекетіміздің тұтастығының таңбасы, Әнұранымыз – халқымыздың асқақ рухы мен елдік мұратының үні.

Бұл мереке – әрбір азаматтың бойындағы отаншылдық сезімді оятатын, бірлік пен тұтастықты бекемдейтін ерекше күн.

Мәңгілік Ел болуға бет алған Қазақстанның рәміздері ұрпақ санасында қадірлі болып, әрдайым асқақтай берсін! Баршаңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен бейбіт өмір тілеймін!» — деді ол.

Айта өтейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды.

– Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш, – деді Президент.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You