Түркістан облысы: Халық сенімін мойына алған Отырар ауданының әкімі шалғай ауылдарды аралады

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жұмыс сапарымен Қарақоңыр және Көксарай ауылдық округтерін аралады.

Сапар барысында аудан басшысы алдымен Қарақоңыр ауыл округіне қарасты Шәмші Қалдаяқов ауылындағы шағын футболға арналған жабық спорт залдың құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде ауыл тұрғындарының, әсіресе, жастардың спортпен шұғылдануға қызығушылығы артып келеді. Аталған спорт нысаны Отырар ауданы әкімдігінің тапсырысы негізінде салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын «Андас-групп» ЖШС жүргізуде. Болашақта бұл кешенде футбол, баскетбол, үстел теннисі және күрес секілді спорт түрлері бойынша үйірмелер ашу жоспарланғана. Бұл ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға оң ықпалын тигізбек.

Сонымен қатар аудан әкімі елді мекендегі әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып, округ әкіміне тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстарды тиісті мекемелермен бірлесе отырып шешуді тапсырды. Ол сондай-ақ ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытында жаңа бастамалар әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Сапар аясында Қайрат Жолдыбайұлы Қарақоңыр ТЖБ мен Сырдария елді мекендерінің ауыз су жүйелерінің жағдайын көріп шықты. Қазіргі таңда Қарақоңыр ТЖБ-де 209, ал Сырдария елді мекенінде 336 тұрғын тұрады. Ауыз су жүйелері жаңартылып, құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін шамамен 120 абонентке тәулігіне 24 сағат сапалы ауыз су жеткізіледі деп күтілуде.

Сапар соңында әкім Көксарай ауылдық округіндегі жалпы ұзындығы 25 шақырым болатын «Есіркеп» каналының басында болып, сол маңдағы егістік алқаптарды аралады. Аталған канал бойында 31 агроқұрылымға тиесілі 900 гектар суармалы жер орналасқан. Алайда, бірнеше жылдан бері канал механикалық тазалаудан өтпегендіктен, оның су өткізу қабілеті төмендеп, қоға мен қамыс басып қалған. Суару маусымында каналдардың дер кезінде тазаланбауы салдарынан егістік жерлер толық көлемде игерілмей келген.

Бұл мәселе бүгінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауыл округі әкімдігі тарапынан қолға алынып, арналарды механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You