Түркістан облысы: Келес ауданында іске қосылған уылдырық цехы алғашқы өнім бере бастады

Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы орайда Келес ауданында балық шаруашылығы өркендеп, мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері аясында бұл салада бірқатар жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда және ауылдық жерлерде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық нығая түсуде.

Аталған бағыттағы жобалардың бірі – «БозСу Балық Шаруашылығы» жеке кәсіпкерлігі. Кәсіпкер Олжас Әбдіжаппарұлы басшылық ететін бұл жоба 4,8 гектар жер телімінде жүзеге асырылуда. Былтыр кәсіпкерлік нысаны 1 миллион амур шабағын су айдынына жіберіп, нәтижесінде 4 тонна балық өнімі алынды. Биыл шабақ саны 3 миллионға дейін ұлғайып, олардың 600 мың данасы сатылымға шығарылды. Қалған шабақтардан қосымша 10 тонна балық өнімі алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, инкубаторлық цех іске қосылып, алғашқы кезеңде 20 келі уылдырық өндірілді.

Келесі жылы бұл көлемді 100 келіге дейін ұлғайту жоспарланған. Кәсіпорында қазіргі таңда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, қауіпсіз еңбек жағдайымен және тұрақты жалақымен қамтамасыз етілген.

Ірі жобалардың қатарында «Көшім» шаруа қожалығы да бар. Жалпы аумағы 76,2 гектарды құрайтын шаруашылықты Райс Көшімұлы басқарады. Мұнда балық өсірумен қатар, балық өңдеу цехын ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Қожалық жылына 32 тонна балық өндіріп, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Ауданда балық шаруашылығымен қатар, өндірістік бағыттағы жобалар да қолға алынған. Соның бірі – «Керуен» өндірістік цехы. Гүлсім Абдурахманова жетекшілік ететін бұл жоба үй-тұрмыстық химия өнімдерін шығару бағытында жұмыс істейді. Бүгінгі таңда кәсіпорын жылына 700-800 тонна өнім шығарады. Цехта 15 адам жұмыспен қамтылған.

Жалпы, Келес ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан бұл жобалар ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, экономиканың әртараптандырылуына және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етіп жатыр.

Айтпақшы, Келес ауданының орталығы Абай ауылында жас шебер өсіп келеді. 8 жастағы Айдын Бекжанұлы ұялы телефондарды ешқандай техниканың көмегінсіз өз қолымен жөндей алады.

Ол Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы. Биыл төртінші сыныпқа қадам басты. Еңбекке ерте араласқан оқушы жазғы демалысын ойынға арнамай әкесіне қолғабыс етіп жүр. Әкесі – Бекжан Өтенов Абай ауылының тұрғыны, осында 2021 жылдан бері қалта телефонын жөндеумен айналысады. Мұнда шағын шеберханасы бар.

Бүгінде Айдын ұялы телефондарды толық бұзып, қайта жинай алады. Көптеген техникалық ақауларды өздігінен анықтап, жөндеуді үйреніп алған. Әкесінің айтуынша, баласының шеберлігіне кейде өзі де таң қалады екен. Баласына кәсібін үйретіп, шеберлігін шыңдап жүр.

Айдын – отбасында үшінші бала. Ол кішкентайынан ізденуге, үйренуге құштар. Оның зеректігі мен техникаға деген қызығушылығы – туғаннан келе жатқан дарыны деуге болады. Ал ата-анасы баланың бұл қабілетін байқағаннан бері оны қолдап, ары қарай дамуына мүмкіндік беріп келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You