Түркістан облысы: Келес ауданында каналдар күрделі жөндеуден өтіп, ірі ауыз су қоймалары салынады

Келес ауданында биыл 86,9 шақырымды құрайтын 32 канал мен қашыртқыны механикалық тазалаудан өткізу көзделген. Бүгінде 8 нысан, яғни 27,3 шақырымға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Ошақты ауылдық округінде — 16,5 шақырым, Қошқарата ауылдық округінде — 6,8 шақырым, Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 шақырым канал тазартылған.

Бұл мәселе Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік жиында талқыланды.

«Келес ауданы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгерімінде жалпы ұзындығы 1 051,2 шақырымды құрайтын 148 канал және 144 қашыртқы бар. Сонымен қатар аудан аумағынан ағып өтетін Келес өзені бойында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Ошақты, Бесабдал, Оймауыт су бөгеттері мен сыйымдылығы 25 миллион текше метрді құрайтын «Ақылбексай» су қоймасы орналасқан. Қазіргі таңда мұнда 10,9 миллион текше метр су бар, ал су бөгеттері қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

Аппараттық жиында күрделі жөндеуден өтетін каналдардың жобалары да таныстырылды. Саңырау каналының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаның құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Күрделі жөндеу аяқталған соң 1 850 гектар жер қайта айналымға қосылып, жалпы 3 900 гектар егістік жерге ағын су жеткізу мүмкіндігі артады.

Игілік каналының да жобалық құжаттамасы әзірленген. Құны 1,3 миллиард теңге болатын жоба мемлекеттік сараптамадан өту үстінде.

Шошым каналы да жаңғыртудан өтпек. Жалпы ұзындығы 27,2 шақырым болатын бұл каналдың Келес ауданы аумағына тиесілі бөлігі 11,5 шақырымды құрайды. Жобаның құны — 5,2 миллиард теңге. Бүгінгі таңда бұл канал арқылы 725 гектар егістік суарылып отыр. Жобаны іске асыру аяқталғаннан кейін қосымша 682 гектар жер қайта айналымға қосылып, жалпы 1 407 гектар егістік жерге су жеткізіледі.

Оған қоса тағы 10 каналдың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып жатыр. Тамыз айында конкурстық жұмыстар жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 4 068 гектар жер қайта айналымға қосылып, 11 621 гектар егістік жерге су беру сапасы жақсарады.

Енді екінші мәселе бойынша тоқталсақ. Түркістан облысының Келес ауданындағы ауыз су тапшылығын түбегейлі шешу мақсатында екі ірі ауыз су қоймасын салу жоспарланған. Атап айтқанда, Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 гектар аумақта сыйымдылығы 20 000 текше метр болатын су қоймасының және Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде 1 гектар аумақта сыйымдылығы 600 текше метр су қоймасының құрылысын жүргізу көзделіп отыр.

Аталған құрылыс жұмыстары «Түркістан облысы Келес ауданы елді мекендері үшін су жинау имараты мен жеткізуші су құбырларының құрылысы» жобасы аясында жүзеге асады. Жобалау-сметалық құжаттаманы «МПК Проект» ЖШС әзірлеу үстінде. Жоба іске қосылған жағдайда, Абай ауылы мен оған іргелес екі ауылдық округтің 25 000 тұрғыны тәулік бойы үздіксіз таза ауыз сумен қамтылады.

Қазіргі таңда Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 64-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл жалпы халықтың 88,4%-ын құрайды. Қалған 19 елді мекендегі мәселе кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Оның ішінде, 14 ауылда су нысанының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар жаз мезгілінде су тұтыну көлемінің артуына байланысты Абай ауылындағы су тапшылығы байқалған мөлтек аудандарға кесте бойынша арнайы көліктермен ауыз су жеткізіліп отыр. 4-аумақтағы су тазартатын модульді құрылғылар толық жөндеуден өткізіліп, іске қосылды. Тағы қосымша ауыз су шықпайтын нүктелерде 2 су тазартатын модуль салу жоспарланып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You