Түркістан облысы: Кентау қаласы мен Шардара ауданында асфальт салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

Енді рет-ретімен тарқата айтсақ. Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда қаладағы Шүлембаев көшесіндегі — №4, 8, 10, Т.Рысқұлов көшесіндегі — №1, 3, 5, 7, 9, Каленова көшесіндегі — №1, 3, 5, 7, 9 және Ы.Алтынсарин көшесіндегі №4, 8, 10 көпқабатты тұрғын үй аулаларына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде.

Жоба аясында автомобиль жолдарын, аяқжолдар мен автотұрақтар салу көзделіп отыр. Жалпы құрылыс көлемі 8511 шаршы метр аумақты қамтиды. Аталған жұмыстарды 2025 жылдың тамыз айында толық аяқтау жоспарланған.

Аталмыш тірлікті қала әкімі Жандос Тасов қадағалап, аула тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, жұмыстың сапасын қатаң бақылауда ұстауды жүктеді.

Айта кетейік, бұған дейін Абай даңғылындағы №19, 23 және Әл-Фараби көшесіндегі №63, 63а, 65/1, 65/2, 65/3, 69, 61 мекенжайларындағы аулаларда жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген болатын.

Келесі мәселе. 2025 жылы Шардара ауданында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудан аумағындағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 603,06 шақырымды құрайды. Оның ішінде 165 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар болса, 58,23 шақырымы аудандық маңызға ие. Сондай-ақ, 379,83 шақырымы елді мекен көшелері мен ішкі шаруашылық жолдары саналады.

Биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 528,2 миллион теңге бөлініп, ұзындығы 12,6 шақырымды құрайтын 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыстарды «Строительная компания Строймонтаж» ЖШС атқарса, техникалық қадағалаушы – «Bereke Ekspert» ЖШС. Қазіргі таңда нысандарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Жаушықұм–Қалғансыр бағытындағы 8 шақырымдық аудандық жол орташа жөндеуден өткізілмек. Нысан 2026 жылға өтпелі. Сондай-ақ, ұзындығы 9,4 шақырымды құрайтын Шардара қаласындағы 12 көшеге орташа жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2026 жылға өтпелі. Бұдан өзге, қаладағы ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын №26 көше мен демалыс аймағына баратын жолға тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетерлігі, 2025 жылдың мамыр айында жолаушылар көлігін жаңарту толығымен жүзеге асырылды. Ескі 13 автокөлік 2025 жылғы «Газель» маркалы шағын автобустармен толық ауыстырылды. Қоғамдық көлікті жаңарту 100 пайыз орындалған. Шардара ауданында көлік және жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасып келеді. Бұл бағыттағы жобалар алдағы уақытта да аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және өңірлік дамуға серпін беруге бағытталады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You