Түркістан облысы: Мақтаарал ауданында қоғамдық көліктер автопаркі жаңартылып жатыр

Мақтаарал ауданы тұрғындары үшін қоғамдық көліктер күнделікті тұрмыстың маңызды бөлігі саналады. Ауданның халық тығыз орналасқан елді мекендерін өзара байланыстыратын бағыттардың бірі – «Мырзакент – Атакент – Мырзакент» маршруты болып саналады. Бұл бағытта 2021 жылдың 1 маусымынан бастап тасымалдаушы мердігер «SAR avto» ЖШС-гі тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді.

Дегенмен, осы уақытқа дейін қызмет көрсеткен қоғамдық көліктердің техникалық жағдайы мен жайлылығы заманауи талаптарға толықтай сай болмағаны белгілі. Бұл мәселе аудан әкімдігі тарапынан назардан тыс қалмады. Аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасына сәйкес, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз көлік қызметін ұсыну мақсатында қоғамдық көлік паркін жаңарту бойынша нақты шаралар қолға алынды. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №604 қаулысына сәйкес, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының жеңілдетілген лизингтік қаржыландыруы арқылы «SAR avto» ЖШС-не 7 жыл мерзімге жаңа техника сатып алуға мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, ауданға отандық өндірістен шыққан, заманауи талаптарға сай жабдықталған, Семей автозаводында құрастырылған «ГАЗель НЕКСТ» маркалы 4 дана жаңа микроавтобус жеткізілді.

Бүгін аудан әкімі міндетін атқарушы Нұрбол Саттаров, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаевтар жаңадан келген қоғамдық көліктердің ішін арнайы қарап шығып, көліктің кілттерін жүргізушілеріне табыстады. Бұл көліктер – заманауи кондиционерлік жүйемен (мұздатқышпен) жабдықталған, жолаушылар үшін ыңғайлы орындықтармен, қауіпсіздік белдіктерімен және сапалы желдету жүйесімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бұл көліктердің экологиялық тазалығы мен отын үнемдеуші сипаттары да артықшылықтардың бірі болып саналады.

Аудан әкімдігі мен мердігер компания тығыз ынтымақтастығының арқасында жүзеге асқан бұл жоба – Мақтаарал тұрғындарының өмір сапасын арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Жаңартылған көліктер өз бағыты бойынша кестеге сәйкес күнделікті қатынап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін болады. Бұл – ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына негізделген әлеуметтік бағыттағы саясаттың нақты көрінісі.

Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 678 шақырым болса, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым. Елді мекен көшелері 11305 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 283 нысан немесе 1181,2 шақырым жол мен көшелер қамтылуда. Жыл қорытындысымен 222 нысан немесе 929,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.

Аталған саладағы мәселелер бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.

– Жолдың сапасына мән беріледі. Бұл бойынша тиісті мекемелер тарапынан кемшіліктер анықталса, жауапты басшылар, аудан, қала әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын ескертемін. Жұмысты жандандырыңыздар және әр жоба қатаң бақылауға алынсын, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мықтыбаевтың есептері тыңдалды.

Биыл облыстық маңызы бар жолдарға 19,6 миллиард теңге бөлініп, 24 нысан немесе 225,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Жыл қорытындысымен 17 нысан (7 көпір) немесе 111,8 шақырым жол пайдалануға беріледі. Аудандық маңызы бар жолдарға 3,1 миллиард теңге бөлініп, 24 нысан немесе 130,7 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Биыл 12 нысан немесе 49,3 шақырымы пайдалануға беріледі. Елді мекен көшелеріне келсек, 235 нысан немесе 831,2 шақырым жол жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін 193 нысан немесе 774,4 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 140 елді мекенде 90 нысан (347 көше) немесе 391,8 шақырым көше жөндеу жұмысымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 87 нысанды пайдалануға беру көзделген. 2025 жылдың қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға жеткізу жоспарланған.

Мәжілісте осы саладағы жұмысқа кері әсерін тигізіп жатқан факторлар зерделеніп, жауаптыларға мемлекеттік сатып алу жұмысын жеделдету, битум шығаратын зауыттардың жұмыс қарқынын түсірмеу, мердігерлердің жұмысын бақылап, жол сапасын жақсарту, айналма жолдардың құрылысын үйлестіру жөнінде тиісті міндеттер жүктелді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You