
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осыған орай Мақтаарал ауданында агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған жаңа өндіріс нысаны іске қосылды.
Зауыт Түркияның «HAS MAKINA YDK. PARC. MET. SAN. TIC. LTD. STI» компаниясының заманауи технологиялық желісімен жабдықталған. Мұнда өсімдік майын өндіруге арналған заманауи құрал-жабдықтар арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, дайын өнім шығарылатын болады.
Кәсіпорынның жалпы аумағы 4,3 гектарды құрайды. Оның ішінде май өндіру зауытының өндірістік ғимаратының көлемі 2 686,32 шаршы метр. Зауыт 2025-2026 жылдары салынып, биыл пайдалануға беріп отыр. Өндіріс орны тәулігіне 100-150 тоннаға дейін майлы дақыл тұқымдарын өңдеуге қауқарлы. Бұл нысан ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында қазіргі таңда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Болашақта өндіріс көлемі ұлғайған жағдайда қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданы – Түркістан облысының оңтүстігінде орналасқан, ауыл шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі. Аудан экономикасында егіншілік пен агроөнеркәсіп кешені маңызды орын алады. Жаңа зауыттың іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттырып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге және өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.
