Түркістан облысы: Ордабасы ауданы әкімінің кезекті кездесуі Төрткүл мен Қарақұм ауылдарында өтті

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың 2024 жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі кездесу жиындары бүгін Төрткүл және Қарақұм ауыл округтерінде өтті.

Аталған ауыл округтерінде өткен кездесулерде аудан басшысы ең алдымен аудандағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен жоспарларды толық мәлімдеп, келесі кезекте нақты кездесу өтіп отырған Төрткүл және Қарақұм ауыл округтеріндегі хал-ахуалға кеңінен тоқталды.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары тарапынан да өзекті мәселелер жөнінде бірқатар сұрақтар қойылды. Жиында ауыл тұрғындары елді мекендердегі ауыз су, әлеуметтік нысандармен қамту, су арналарын тазалау, бетондау, көшелерге асфальт төсеу, жайылым жер, медициналық көмектер секілді бірқатар мәселелерді айтып, ұсыныс-тілектерін білдірді. Ауыл тұрғындары өтініштерінің басым бөлігі асфальт жол мәселесі. Аудан басшысы бұл орайда асфальт жолмен қамту кезең-кезеңімен, маңыздылығы мен өзектілігіне орай кезегімен іске асатынын айтты. Бірқатар тұрғындар «ауылға газ келді, енді осы газ жүйесін күтіп-ұстау жағдайы қалай болады» деген сұрақ төңірегіне тоқталды. Аудан әкімі бұл тұрғыда ауданда әкімдік тарапынан газ жүйесін қадағалау инспекциясы құрылып, жұмыстарын бастағанын, мамандары тәжірибелік кезеңнен өтіп жатқанын, жақын арада аудан көлемінде қызмет көрсететінін атады.

Сонымен қатар, әрбір азаматтың барлық көкейкесті сұрақтарына толыққанды жауап беріп, аталған мәселелерді шешу бағытындағы нақты жоспарлары мен өз ұсыныстарын да атап өтті.

Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің бірі де назардан тыс қалмай уақытылы шешімін табуы жіті бақылауда болатынын жеткізді.

Көкейдегі мәселелерге қатысты нақты жауап алған ауыл азаматтары аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Аудан басшысы Азат Оралбаев бүгінгі Төрткүл мен Қарақұм ауыл округтеріндегі кездесуден соң аталған елді мекендердегі бірқатар нысандарға табан тіреді.

Алғашқы кезекте Төрткүл ауылындағы Сағынбек ата көшесіне тоқталып, ондағы асфалт төсеу жұмыстарын қадағалады.

Келесі кезекте жол сапасына тұрғындар көңілі толмаған Арыстанды ауылындағы Жаңатұрмыс көшесіне барып, жауапты мамандармен бірге жақында төселген асфальттің жағдайын саралады. Жауапты қызметкерлерге қысқа мерзімде жол сапасына сараптама жасатып, ары қарай тиісті шаралар жүргізуге тапсырма жүктеді.

Одан әрі аудандағы су арналарының басым бөлігіне жауапты мердігер «Тұрансу» ЖШС-ның техникалық базасына барып, ондағы жұмыстардың жай-күйін зерделеді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You