Түркістан облысы: Ордабасы ауданы мәдениет қызметкерлері марапатталды

Бүгін, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай, Ордабасы ауданындағы мәдениет саласының шығармашылық қызметкерлерін аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қабылдап, марапаттады.

Марапаттау барысында күні кеше Мемлекет басшысының “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған Ордабасы ауданының мәдениет қызметкері, әнші, “Ордабасы” фольклорлық халық ансамблі мен “Арай” халықтық вокалды аспаптар ансамблінің мүшесі Абай Сапарбекұлы Атамбаевтың зор жетістігіне ризашылық білдіріп, арнайы құттықтап, сый-сияпат тапсырды.

Сонымен қатар түрлі республика көлеміндегі байқауларда топ жарып жүрген аудандағы «Дарын» тобының да жемісті еңбектерін атап өтіп, алдағы алар асуларының биік болуына тілек білдірді.

Бұл марапаттар – Ордабасы мәдениеті мен өнерінің өркендеуі жолында сахнада жарқырап, сахна сыртында сүбелі істерді тынымсыз атқарып жүрген мәдениет қызметкерлеріміздің аудан руханиятының дамуына қосқан өлшеусіз үлестері үшін берілді.

Барша марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз еленіп, шабыттарыңыз шарықтай берсін!

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You