Түркістан облысы: Ордабасы ауданына Парламент Мәжілісінің депутаттары арнайы ат басын бұрды

Бүгін ауданға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев пен Нұрсұлтан Байтілесов жұмыс сапарымен келді. Мәжіліс депутаттары сапар аясында аудан әкімі Азат Оралбаев және облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен бірге аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерге назар аударды. Аудан басшысы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

Депутаттар алдымен Шұбарсу ауылындағы 600 орындық және Ынтымақ елді мекеніндегі 200 орындық жалпы орта мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Мектеп құрылыстарының сапасы, құрылыс қарқыны мен мердігерлердің жұмыс тәртібі депутаттар тарапынан егжей-тегжейлі зерделенді. Олар білім беру инфрақұрылымын жақсарту «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, аталған нысандардың уақытылы әрі сапалы тапсырылуын қатаң бақылауға алатындарын жеткізді.

Келесі кезекте Ықыластемір елді мекенінде орналасқан «Altyn Land» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автоматтандырылған қыш зауытына арнайы барып, зауыттың өндірістік үдерісімен және еңбек ұжымымен танысты. Мұнда өндіріс қуаты, автоматтандырылған жүйелердің жұмысы, экологиялық қауіпсіздік және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы кеңінен талқыланды. Депутаттар кәсіпорынның аймақ экономикасын дамытудағы үлесін жоғары бағалап, мемлекет тарапынан өндіріс секторын қолдау жалғаса беретінін жеткізді.

Одан кейін аудандық «AMANAT» партиясы филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Қоғамдық қабылдауға аудан тұрғындарымен қатар, жергілікті атқарушы орган өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

Қабылдау барысында ауыл тұрғындары тарапынан инженерлік инфрақұрылым жүргізу, мектеп құрылысы, білім және денсаулық сақтау салаларындағы өзекті мәселелер көтерілді.

Депутаттар барлық көтерілген мәселелерді мұқият тыңдап, кейбір сұрақтарға сол жерде жауап беріп, күрделі әрі ауқымды мәселелер бойынша тиісті министрліктер мен мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар жолданатынын жеткізді.

Кездесу барысында Қайрат Рахымұлы мен Нұрсұлтан Төленұлы ордабасылықтармен Парламент Мәжілісінде атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша ақпарат берді. Олар 2025 жылы іске асырылатын заңнамалық бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттарымен бөлісіп, Мәжіліс қабырғасында қаралып жатқан реформалар туралы баяндады.

Халық қалаулылары тұрғындармен жиі жүздесіп, әрбір ұсыныс пен мәселені Парламент деңгейінде көтеруге дайын екендерін атап өтті. Сонымен қатар жергілікті билік өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен бірлесе жұмыс істеу арқылы әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына ықпал ететіндерін жеткізді.

Бұдан бөлек бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев аудан орталығындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Ең алдымен, орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатқан аумаққа арнайы барып, ондағы жұмыс барысын қадағалады.

Бұдан бөлек, Найманарық каналы мен өзге де әлеуметтік нысандарды аралады. Балаларға арналған ойын алаңшаларының жай-күйі, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы, санитарлық тазалық және көгалдандыру жұмыстары жіті назарға алынды.

Жұмыс сапары барысында тиісті сала жетекшілері мен мердігер мекемелердің өкілдеріне жұмыстардың қарқыны, сапалы және белгіленген мерзімде аяқталуы бойынша нақты тапсырмалар берді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You