
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев аудан орталығы Темірландағы бірқатар көгалдандырылған нысандарды аралап, ондағы атқарылып жатқан күтіп-баптау жұмыстарының барысын қадағалады.
Аудан басшысы алдымен Құртай каналының жағалауы мен абаттандыру мекемесіне барып, мекеменің материалдық-техникалық базасы мен жұмысшылар жағдайына назар аударды. Одан кейін «Депутаттар аллеясы» мен «Шәмші Қалдаяқов» аллеясына арнайы ат басын бұрып, күтіп ұстау жұмыстарының сапасын тексерді. Халықтың демалысына арналған бұл аймақтарда тазалық, реттілік жүйесін жақсарту және гүлзарларды баптау жұмыстары күн тәртібіне қойылды.
Сонымен қатар, аудан әкімі Амангелді ауылының бұрылысындағы ағаш бауына аялдап, отырғызылған ағаштардың күтімі мен суарылуы жайлы жауапты мамандармен пікір алмасты. Табиғи көріністі көркейту, суару жүйесі мен отырғызылған жасыл желектердің жағдайы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Тазалық пен тәртіпті сақтау, жасыл желекті күту ортақ міндет екенін атап өтті.
Осы ретте атап өтер тағы бір жайт, бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өткен болатын. Кезекті мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, ауыл округтерінің әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алғашқы сөз кезегінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы баяндады.
Келесі кезекте аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Патима Ташимова инвестиция тарту және индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы туралы мәлімдеді. Бөлім басшылары баяндамаларында аудандағы барлық салалардағы индикаторлық көрсеткіштердің облыс бойынша рейтингін көрсетіп, бірқатар салаларда жоспарлы межелер орындалмай тұрғандығын айтты. Аудан басшысы жауапты қызметкерлермен осы мәселелер бойынша егжей-тегжейлі талқылап, белгілі мерзімде кемшіліктердің орнын толтыруды тапсырды.
Сондай-ақ, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков Ұлттық ауылшаруашылық санағы жұмыстарының жағдайын хабарлады. Мәжілісте сонымен қатар күн тәртібінен түспейтін «Таза Қазақстан» акциясы, абоненттерді табиғи газ бен ауыз су жүйесіне қосу, азаматтарды әскеге шақыру жөнінде кеңінінен талқыланып тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.
Жиын соңында аудан әкімі қаралған мәселелер жөнінде сала орынбасарлары, аппарат қызметкерлері мен ауыл округінің әкімдері және тиісті бөлім басшыларының жұмыстарына біршама қатаң ескертулер жасады. Алдағы жұмыс жоспарына нақты міндеттер жүктеп, орындалу барысын жіті бақылауда ұстайтындығын айтты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.