
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кезекті мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, ауыл округтерінің әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алғашқы сөз кезегінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы баяндады. Бөлім басшысы баяндамасында аудандағы барлық салалардағы индикаторлық көрсеткіштердің облыс бойынша рейтингін көрсетіп, бірқатар салаларда жоспарлы межелер орындалмай тұрғандығын айтты. Аудан басшысы жауапты қызметкерлермен осы мәселелер бойынша егжей-тегжейлі талқылап, белгілі мерзімде кемшіліктердің орнын толтыруды тапсырды.
Келесі кезекте, аудандық құрылыс, сәулет бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Болат Алишев аудандағы тұрғын үй саласында атқарылып жатқан жұмыстар барысын мәлімдеді. Жауапты басшы баяндамасында қазіргі таңда тұрғын үйге кезектілік саны 3132-ге жеткенін, жыл басынан бері тұрғындарға 3 бөлмелі бірлескен үйлерден 36 үй, 3 қабатты үйлерден – 84 пәтер, 2 бөлмелі бірлескен үйлерден 16 үй берілгенін жеткізді. Сонымен қатар халыққа берілетін жаңа салынып жатқан үйлер туралы мәлімет айтты.
Сондай-ақ, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жомарт Қоспанов шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары жөнінде хабарлады. Сала басшысы аталған шара бойынша әлеуметтік желілерге видеороликтер жарияланғанын, рейдтік іс-шаралар жүргізілгенін, тұрғындарға жаднама таратылғанын, шомылуға тыйым салынған жерлерге белгі, ескертпе тақтайшалар орнатылғанын, ата-аналарға шомылу маусымы тақырыбындағы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылғанын атап өтті.
Мәжілісте сонымен қатар күн тәртібінен түспейтін, «Таза Қазақстан» акциясы, абоненттерді табиғи газ бен ауыз су жүйесіне қосу, азаматтарды әскеге шақыру жөнінде кеңінінен талқыланып тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.
Жиын соңында аудан әкімі қаралған мәселелер жөнінде сала орынбасарлары, аппарат қызметкерлері мен ауыл округінің әкімдері және тиісті бөлім басшыларының жұмыстарына біршама қатаң ескертулер жасап, алдағы жұмыс жоспарына нақты міндеттер жүктеп, орындалу барысын жіті бақылауда ұстайтындығын айтты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.