
Аудан әкімі Азат Оралбаевтың 2024 жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі есеп беру жиындары бүгін Бөген және Жеңіс ауыл округтерінде өтті.
Аталған ауыл округтеріндегі жиындарда аудан басшысы өткен кездесулердегідей ең алдымен ауданның қазіргі экономикалық-әлеуметтік жағдайына жан-жақты тоқталып өтіп, келесі ретте кездесу өтіп отырған Бөген және Жеңіс ауыл округтеріндегі хал-ахуалды кеңінен саралады.
Бүгінгі күнде ауыл округтеріне қарасты ауылдардағы көптеген мәселелер шешімін тауып, қалғаны нақты жоспарланған. Ауылдардағы ауыз су тұрғысындағы кемшін тұстар қалпына келтірілуде. Жаңа су мұнарасы орнатылып, су жүйесіндегі ескі жабдықтар жаңартылуда. Табиғи газ жеткізілген. Білім беру, денсаулық сақтау нысандары қалыпты жағдайда қызмет етуде. Бірқатары жаңа салынған. Спорт кешендері жөндеуден өткен. Мәдениет үйін жөндеуге қаржы қаралып, жаңа әкімшілік ғимарат салу жоспарланған. Негізгі көшелер жарықтандырылып, ойын алаңшалары орнатылып, асфальт төселіп, аяқжолдар жасалған. Бұл ауылдардағы ғаламтор мәселесі, әлі де ойын алаңшаларын орнату қажеттілігі бар екені аудан басшысының назарында. Келесі қадамдар осы мәселелерді шешуге бағытталмақ. Шаруашылық саласында каналдарды күрделі жөндеу, механикалық тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Ендігі мақсат тиісті қаржы құрылымы арқылы қалдық су дренаждарын жүйеге келтіру бағытында нақты шаралар жүргізу.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары жедел жәрдем, мал тоғытатын арнайы орын, тарихи орындарды абаттандыру жөніндегі көкейдегі сұрақтарын жеткізді.
Аудан басшысы бұл мәселелерді шешу жолындағы өз жоспары, мен ұсынысын ортаға салып, тұщымды жауабын айтты.
Жиын соңында Аудан әкімі барша жұртшылықты ел көлемінде қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға, игі істерді жұмыла, бірлесе атқаруға шақырды.
Сонымен қатар аудан басшысы Азат Оралбаев бүгінгі Бөген мен Жеңіс ауыл округтеріндегі кездесуден соң аталған елді мекендердегі бірқатар нысандарға табан тіреді.
Алғашқы кезекте Бөген ауылындағы «Тазасу» ЖШС жүргізіп жатқан ауызсу жүйесіндегі жабдықтарды қайта құру, жаңарту жұмыстарын қадағалап, жауаптыларға жұмысты сапалы орындау жөнінде қатаң тапсырмалар жүктеді.
Келесі кезекте Шұбар мен Тоқсансай ауылы арасын жалғайтын ауыларалық маңызды жолдағы асфальт төсеу жұмыстарын көріп, талапқа сәйкестігін зерделеді.
Шұбар демекші, бүгін аудандағы Шұбар елді мекені тұрғындарына «көгілдір отын» берілді.
Аудан әкімі Азат Оралбаев және «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев арнайы барып, ауылдағы тұрғындардың қуанышымен ортақтасып, ізгі лебіздерін жеткізіп, газ құбырын салтанатты түрде ашты.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей және ауыл ақсақалдары да сөз кезегін алып, ауылға табиғи газ келуі бұл — жайлылық пен қолайлылық екенін атап өтіп, ел қамы жолында еңбектеніп жүрген азаматтарға ризашылықтарын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.