Түркістан облысы: Ордабасы ауданының аудан әкімі Шұбар және Шұбарсу ауыл округтерінде халық алдында есеп берді

Мемлекет басшысының «Атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы негізінде аудан әкімі Азат Оралбаевтың 2024 жылдың қорытындысы мен 2025 жылдың басынан бері атқарылған жұмыстар жөніндегі есеп беру жиындары басталды. Бүгінгі есеп беру жиыны Шұбар және Шұбарсу ауыл округтерінде өтті.

Шұбар ауыл округінде өткен есептік кездесуде аудан басшысы аудандағы әлеуметтік-экономикалық салалардың дамуы мен атқарылған жұмыстары жөнінде баяндады. Әр сала бойынша атқарылған шаруаларға тоқтала келе, ағымдағы жылы алға қойған негізгі міндеттер туралы мәлімдеді. Аталған ауыл округтеріне қарасты ауылдардағы көптеген мәселелер оң шешімін тауып, ілкімді істер қолға алынған. Тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылған. Мектеп салу мектептерді ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайына және кәсіпкерліктің дамуына тікелей әсер ететін газ саласы оңтайлы шешімін табуда. Дегенмен, ауыл тұрғындарын алаңдатар мәселелер де жоқ емес.

Жиында ауыл тұрғындары елді мекендердегі су арналарын тазалау, өзге де көшелерге асфальт төсеу, әлеуметтік нысанмен қамту, ескірген электр бағаналарын ауыстыру, жол қауіпсіздігі шаралары секілді бірқатар мәселелерді айтып, ұсыныс-тілектерін білдірді.

Аудан басшысы әрбір азаматтың көкейкесті сұрақтарына толыққанды жауап беріп, аталған мәселелерді шешу бағытындағы нақты жоспарларды ортаға салды.

Сонымен қатар, кездесуде аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің және мемлекеттік бағдарламалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Көкейдегі мәселелерге қатысты тұшымды жауап алған ауыл азаматтары табысты атқарылған жұмыстар мен алда атқарылатын міндеттерге оң бағаларын беріп, аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

Ал аудан әкімі тұрғындарға өткен жылы бірігіп атқарған жұмыстарына рақметін айтып, алдағы жоспарланған межелерді іске асыруға бірігіп атсалысуға шақырды.

Сонымен қатар аудан басшысы Азат Оралбаев бүгінгі есеп беру жиынында қозғалған мәселелерді зерделеу мақсатында, жиында тұрғындар атап өткен Шұбар және Шұбарсу ауыл округтеріне қарасты елді мекендердегі нысандарды аралады.

Алғашқы кезекте Шұбар ауыл округіне қарасты Тоқсансай ауылындағы көшелердегі асфальт төсеу және жарықтандыру жұмыстарын, Қойшыке каналындағы арнаны тазалау жұмыстарын көріп, ауыл тұрғындарымен бірге аталған жұмыстарды жүргізуші мердігерлермен және жауапты мамандармен кездесіп, жұмыс барысындағы бірқатар кемшін тұстарға ескертулер жасады.

Одан әрі Шұбар елді мекенінде іргетасы құйылып жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысып, мердігерлердің жұмыс сапасының жай-күйін талқылап, талапқа сай болуын тапсырды.

Келесі кезекте Шұбарсу ауыл округіндегі орталық көшелерді аралап, ондағы көшелердің санитарлық тазалығының, қас-келбетінің жағдайын бағамдады. Сонымен қатар әлеуметтік нысандарға барар жолдарға асфальт төсеу, аяқжол салу жұмыстарын алғашқы кезекке қою қажеттілігін саралап, жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You