
Биыл Ордабасы ауданының шежірелі тарихымен бірге жасап келе жатқан, ел мен елді, халық пен билікті жалғаған “Ордабасы оттары” газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толып отыр. Бұл – тек басылымның емес, тұтас аудан жұртшылығының ортақ мерекесі десек, жарасады.
Осы айтулы мерейтойға орай ұйымдастырылған салтанатты жиында газеттің әр жылдарда өркендеуіне үлес қосқан ардагер журналистер мен қаламы жүйрік тілшілер, редакцияның еңбекқор қызметкерлері бас қосты. Олар өз естеліктерімен бөлісіп, “Ордабасы оттары” тарихының жарқын беттерін тағы бір еске алды.
Іс-шара барысында аудан әкімінің міндетін уақытша қоса атқарушы Мейрамбек Ақмұратов пен аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков газет ұжымына жүрекжарды тілектерін арнап, басылымның қоғам өміріндегі рөлін жоғары бағалады. Сондай-ақ, бірқатар ардагерлер мен редакция қызметкерлеріне аудан әкімінің және мәслихаттың Алғыс хаттары табыс етілді.
1935 жылдан бері аудан өмірінің айнасы болып келе жатқан басылым бүгінге дейін талай буынды тәрбиеледі. Қоғамның, ауыл тіршілігінің тамырын дөп басып, халықтың үнін жеткізетін сенімді серікке айналды. Көптеген журналистердің шығармашылық жолы осы газеттен басталып, бүгінде елге танымал қаламгерлер қатарын толықтырып отыр. Уақытпен үндескен газет беттерінде ауыл өмірінің шынайы көрінісі, ел тұлғаларының тағылымды тағдыры, ұрпаққа өнеге болар естеліктер жазылды.
Атап өтер тағы бір жайт, ауданда «Журналистер күні» мерекесі әрі жергілікті төл басылым «Ордабасы оттары» газетінің 90 жылдық мерейтойы аясында «БАҚ жұлдыздары» атты ерекше форматтағы іс-шара өтті. Жобаның мақсаты – журналистер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, БАҚ өкілдерінің журналистика саласынан өзге де шығармашылық қырлары мен өнерлерін танытуға мүмкіндік сыйлау.
Аудан әкімдігі қолдауымен және жергілікті азаматтардың демеушілігімен ұйымдастырылған байқауға Түркістан облысы және Шымкент қаласының БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара Базарбек Түкібайдың сөзіне жазылған Құрманәлі Жылқыбайдың «ЖУРНАЛИСТЕР» әнімен ашылып, аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз мереке иелерін құттықтады. Байқауға қатысушылар екі нөмірде өнерлерін көрсетіп, елге белгілі түлғалардан құралаған қазылар алқасы әділ бағасын берді.
Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені ардагер журналист, Сарағаш ауданының Құрметті азаматы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Шымкент қаласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, «Алтын қауырсын» номинациясының үш дүркін лауреаты Асхан Майлыбаева иеленді. Бірінші орын композитор, мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бекжігіт Сердәліге бұйырды.
Іс-шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, қонақтар мен журналистер мерейлі «Ордабасы оттары» басылымының шежірелі тарихымен танысты. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Оңтүстік Қазақстан газеті, «ТҮРКІСТАН» телеарнасы, Түркістан облыстық «ҚАЗАҚ ТІЛІ» қоғамы, т.б. ұжымдар ерекше көзге түскен таланттарға арнайы жүлделерін табыс етті.
Айта кетерлігі «БАҚ жұлдыздары» өнер байқауы осыдан 15 жылдан арыда Шымкент қаласында облыстық деңгейде дүркіреп өткен болатын. Жоба авторлары — Ордабасы ауданының Құрметті азаматы Құрманәлі Жылқыбай мен белгілі сатирик, журналист Базарбек Түкібай. Содан бері облыстық масштабтағы бұл жоба алғаш рет Ордабасы ауданында жаңа серпін алып отыр. Жоба жетекшілері аталған байқауды республикалық деңгейде ұйымдастыруға ниетті екенін жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.