
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы ағын су мәселесі бойынша каналдарды аралап, шаруалармен жүздесті. Бұған дейін Қоғам және Қарғалы елдімекендерінің диқандары егістікке алғашқы су алу кезеңінде ағын су берілмей жатқанын айтып, осы мәселені шешіп беруін сұраған болатын.
Аудан басшысы осы салаға жауапты мекемелер мен бөлімдердің мамандарымен кездесіп, Қоғам ауыл округіндегі «Қызыл-Ту» насос станциясында орналасқан 6 дана СНП насосын іске қосу туралы тапсырмалар берді.
Бүгін аудан әкімі аталған тапсырмалардың орындалу барысын көзбен көріп, ағын суды шаруаларға толық жеткізудің мүмкіндіктерін саралады. Бүгінде шаруалардың егістік жерлеріне ағын су жеткізу үшін Қоғам ауыл округіндегі «Қызыл-Ту» насос станциясынан 6 дана СНП насосы іске қосылған. Қазіргі таңда 6 дана насостың 5-еуі толық жұмыс істеп тұр. Ал, 1 дана насос құрылғысы жөнделіп, қайта іске қосу жұмыстары атқарылуда.
Аралау барысында аудан басшысы шаруаларға қажетті уақытта ағын судың тұрақты берілуі керектігін айтып, барлық су айдағыш насостың іске қосылуын қадағалауды жауапты сала орынбасарына жүктеді. Бұл мәселе аудандағы шаруалардың ғана емес, ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуына кері әсер ететіндігін айтқан аудан әкімі аталған жұмыстар күнделікті бақылауында болатындығын ескертті.
Атап өту керек, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы арқылы тұрғындардың мемлекеттік органға деген көзқарасы қалыптаcатындығы жасырын емес. Бүгінгі таңда тұрғындарға сапалы, ашық және қолжетімді мемлекеттік қызмет көрсету мақсатында түрлі форматтағы шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда.
Отырар ауданы әкімі аппараты ақпараттық қауіпсіздік, мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімінің ұйымдастыруымен ауданындағы «Мансап» орталығында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына қоғамдық бақылау жүргізді.
Азаматтық қоғам институты өкілдерінің қатысуымен өткен қоғамдық бақылау барысында көрсетілетін қызметтердің уақытылы, сапалы және қолжетімді болуы назарға алынып, жауапты қызметкерлермен пікір алмасты.
Ең бірінші кезекте, сапалы қызмет көрсетумен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалуын назарға ала отырып, тиісті нұсқамалар мен ұсыныстар беріліп, қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша тапсырмалар жүктелді.
Орталықта тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапалы болуына әрі белгіленген мерзімінде көрсетілуге тиістілігі жөнінде нұсқамалар берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.