Түркістан облысы: Отырар ауданында құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті

Отырар ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында Отырар ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Күн тәртібінде кәмелет жасына толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстардың профилактикасы, қоғамдық орындар мен көшелерде құқықтық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет ресурстары және мобильді байланысты пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының алдын алу шаралары, есірткілік масаң күйде қылмыс жасау, нашақорлық және есірткі бизнесі туралы мәселелер қаралды.

Иә, расында да, Түркістан облысында интернет-алаяқтық азаймай тұр. Бүгінгі заманның дертіне айналған қылмыс саны өңірде 5,5% өскен. Өткен жылы құзырлы органдар интернет-алаяқтықтың 113 дерегін анықтап, сотқа жолдады. 3 қылмыстық топ ұсталып, олардың 38 қылмыстық іске қатыстылығы анықталды. Нәтижесінде жәбірленушілерге 269 миллион теңге қайтарылды. Бұл туралы «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында Түркістан қаласында өткен «Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» атты республикалық форумда айтылды.

Сондай-ақ мамандар кибербақылау жүйесі арқылы заңға қайшы келетін 2 мың контентті бұғаттаған. Жиын барысында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен IT-индустриясының білікті мамандары жұртшылыққа алаяқтарға алданбаудың әдіс-тәсілдерін көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті.

«Қазір ең көп кездесетін интернет-алаяқтық қылмыстардың түрі – ол банк, пошта, ұялы байланыс операторының қызметкері. Тіпті құқық қорғау органы қызметкері ретінде де хабарласып, біздің жәбірленушілердің жеке деректеріне қол жеткізіп жатыр. Жәбірленушілерге өздерінің таныстары, туыстары ретінде жазып, ақша сұрау арқылы алдау әрекеттері кеңінен тарап жатыр. Осы ретте мен жеке деректеріңізге сақ болып, келіп түскен қоңыраулар мен хабарламаларға сын көзбен қарап, оларды тексеру қажет. Жалған сілтемелерге кірмеуге кеңес беремін» — облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ермек Шәкім.

Ал Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Құрманбек Саховтың 2025 жылдың 4 айында атқарылған жұмыстар туралы есебіне үңілсек, 2025 жылдың 4 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 139 дерегі анықталған (2024 жылы – 280). Оның ішінде, 33-і – қылмыстар болса, 106-і – теріс қылықтар. Заңсыз айналымнан 198 кг 527,60 гр есірткі заттары тәркіленіп алынды. Оның ішінде, синтетика есірткі заты, гашиш, марихуана, көкнәр сабаны, кокаин бар.

Ішкі істер министрінің тапсырмасымен 2025 жыл – Профилактика жылы деп аталды. Бекітілген жоспарға сәйкес, Түркістан облыстық Полиция департаменті тарапынан профилактикалық шараларды және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң мен тәртіпті нығайту мақсатында қылмысқа қарсы күресті жалғастырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді түрде қорғау бағытындағы шаралар күшейтілді. Осы негізде Департаменттің жанында есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы саласында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі Кеңес мүшелері құрылып, нашақорлықтың және есірткі қылмысының алдын алу, заңға бағынатын мінез-құлық пен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің» 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жүзеге асырылуда.

Интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу мақсатында күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 405 ақпараттық сайт анықталып, «Киберқадағалау» сараптамасына жолданып, бұғатталды. Ойын-сауық орындарында 48 рейдтік іс-шара жүргізілді. Сонымен қатар әуежай, теміржол вокзалы, «Қазпочта» қызметкерлерімен бірге есірткі құралдары және психотроптық заттарды заңсыз жөнелту фактілерін анықтау үшін департаменттің қызметтік иттерінің көмегімен жедел-іздестіру іс-шаралары тұрақты атқарылып, жалпы 50 рейдтік іс-шара өтті. Одан бөлек, дәрілік заттардың, әсері күшті дәрілік-препараттардың заңсыз айналымға түсуін анықтау бойынша тоқсан сайын «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Наурыз айында өткен «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында облыс аумағында 105 дәріхана, 4 қойма, 16 емдеу-профилактикалық мекеме және 3 өндірістік кәсіпорны тексерілді. 42 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Жалпы, кейінгі жылдары есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесі елдің есін шығарып бітті. Өкініштісі сол, жаңа синтетикалық есірткінің негізгі тұтынушылары – жастар. Тек осы жылдың екі айының өзінде ішкі істер органдары 1,5 мыңға жуық есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Оның 600-ден астамы – қылмыстық құқық бұзушылықтар. Оған қоса жыл басынан бері ішкі істер органдары 2 тоннаға жуық есірткі затын тәркілеген, оның ішінде 120 келі есірткінің синтетикалық түрі, 140 келіден аса гашиш, 600 грамм кокаин бар. Қысқасы, дәл қазіргі ахуал бұл бағытта күрес жүргізу үшін жүйелі шаралар қажеттігін ашық көрсетіп отыр.

Жалпы, мемлекет есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл жөнін­дегі шараларды, яғни заңнамалық бастамаларды қолға алып-ақ жатыр. Айталық, өткен жылғы 27 желтоқсанда Президент есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға қатыс­ты бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Қабылданған түзетулер қыл­мыс­тық жауапкершілік жүйе­сін жақ­сартуға және қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай жазаларды саралауға бағытталған.

Жә, жиналысқа оралайық. Алғашқы болып аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Шербаев күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасап, 2025 жылдың 4 айында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен болдырмау, суицид, ерте жүктіліктің тіркелуі және венерологиялық ауруларды жұқтырудың алдын алу бағытында атқарылған шаралар жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық, ата-аналар мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықтарының сақталуы жөнінде баяндама тыңдалды.

Осы ретте, 2025 жылы мектеп бітіруші түлектердің бітіру кешінде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық, жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тиісті салалармен бірлесіп жұмыс жүргізілетіндігін жеткізді.

Сонымен қатар, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Нәлібай аудан аумағында құқықбұзушылық салдарын төмендету мақсатында облыстық маңыздағы КХ-190, КХ-10, КХ-12 автомобиль жолдары бойына «жануар» бинесі белгіленген жалпы саны 14 дана (8 дана сиыр, 6 дана жылқы макеті) жол белгілерімен толықтыру жұмыстары атқарылдығы.

2024 жылы жол көлік оқиғаларын алдын алу бойынша жалпы саны 124 дана жол белгілері орнатылып, бет бейнесі мен саусақ ізіне негізделген, бет-әлпетті тану фукциясы бар 3/1 мультибиометриялық терминал аудандық полиция бөліміне алынып, пайдалануға тапсырылғандығын атап өтті.

Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарының маңайларына жаяу жүргіншілер өткелдері 13 орындағы суық пластиктер қойылып, 97 жол белгісін орнату жұмыстары орындалуда.

Күн тәртібінде қаралған мәселеге байланысты сала бойынша жауапты басшыларға ведомствоаралық комиссия отырысында қаралған мәселелерді назарға ала отырып хаттамалық тапсырмалар берілді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You