
Бүгін Отырар ауданындағы барлық білім ордаларында мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау іс-шарасы салтанатты жағдайда аталып өтті. Солардың бірі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп лицей-интернатында «Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы» атты мектеп түлектерінің үлкен дайындықпен өткізген мектеппен қоштасу іс-шарасы болып өтті.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы лицей интернатының оқушылары жасаған көрме көпшілікке таныстырылумен бастау алды.
Салтанатты шарада сөз алған Ө.Жәнібеков атындағы лицей-интернатының директоры Ерғали Серікбаев оқу жылында жеткен жетістіктерімен атқарған жұмыстары туралы баяндап өтті.
Мектеп түлектері мен ұстаздар қауымын соңғы қоңырау іс-шарасымен шын жүректен құттықтап, ізгі ниетін білдірген аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мектеппен қоштасу балалықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басу екендігін ерекше атап өтіп, бітіруші түлектерге шын көңілден ақжол тілесе, Облыстық мәслихат депутаты Нұржан Сейтжанов түлектерге сәттілік тіледі.
Шара барысында үздік оқушылар мен ұстаздар марапатталып, өнерпаз оқушылардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мектеп бітіруші түлектерге арнап жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылып, қонақтар болашаққа сәт-сапар тіледі.
Мектеп оқушыларының ән-күйімен, мың бұралған биімен әрленген шарада 11-сынып оқушылары еліміздің қасиетті көгілдір туын 10-сынып оқушыларына салтанатты жағдайда табыстады.
Салтанатты шараның соңында мектеп бітіруші түлектер аудан әкімімен естелікке суретке түсті.
Мектептің аты аталғанда тағы бір атап өтер жайт, осы айтулы күнге орай Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-интернаттың 2005 жылғы түлектері өздері түлеп ұшқан алтын ұяларына деген құрмет ретінде балалар ойын алаңын салып беріп, оның ашылу салтанатын өткізді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Серікжанұлы, ардагер ұстаздар Мейрамкүл Тұрлыбекова мен Шәрипа Үмбетова қатысып, жаңа ойын алаңының лентасын қиды.
«Туған жерге туыңды тік» деген халқымыздың нақылын берік ұстанған түлектер туған ауылына, мектебіне деген шынайы жанашырлығын осылайша білдіріп отыр. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы елге көрсеткен үлгілі істері үшін түлектерге алғысын айтып, арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
Шара соңында мектептің төменгі сынып оқушылары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылып, «Аманат» партиясының Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров жарысқа қатысушы коммандаларға спорттық форма мен футболдық доптар табыстады.
Орайы келгенде айта өтейік, бүгін сонымен қатар Отырар ауданының Қарғалы ауылында орналасқан Саттар Ерубаев жалпы орта мектебінде Серимова Гүлмейрат Абанқызының атына берілген психологиялық кабинетінің ашылу салтанатты жиыны өтті.
Іс-шараға Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, «Аманат» партиясы Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Таңатаров, Отырар ауданының білім бөлімінің бас маманы Қ.Төлендиева, сондай-ақ білім ордасының ұстаздары қатысты.
Бүгінгі кештің басты қонағы Саттар Ерубаев мектебін бірнеше жыл бойы абыроймен басқарып, оқушыларға тәлім мен тәрбиенің үлгісін көрсеткен, ұлағатты ұстаздық қызметті атқарған Гүлмейрат Абанқызы болды.
Адам баласының өміріндегі әрбір белес маңызды десек, зейнеткерлік жас – ерекше мәнге ие кезең екені баршаға мәлім. Мәнді де мағыналы шара барысында аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов құттықтау сөз сөйлеп, ардагер ұстазға арнайы Алғыс хат табыстады.
Сонымен қатар, мектеп оқушылары ұстазға арнап әсерлі әндер шырқап, топтық би қойылымын ұсынып, жиналған қонақтардың ыстық ықыласына бөленді.
Жиын соңында мектеп ұжымы Гүлмейрат Абанқызына шынайы алғыстарын білдіріп, зейнеткерлікке шығуымен құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.