Түркістан облысы: Отырар ауданында Медицина қызметкерлері күні аталып өтті

Әр жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде елімізде Медицина қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Бұл — адам жанының арашасы болып жүрген дәрігерлер мен медбикелерге, жалпы ақ халатты абзал жандарға деген елдің ерекше ілтипатын білдіретін айрықша күн.

Бүгін осынау мерейлі мереке қарсаңында аудан орталығындағы мәдениет сарайында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы денсаулық сақтау саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жоғары жетістіктерін атап өтті.

Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Құрметті ақ халатты абзал жандар мен саналы ғұмырын медицина саласына арнаған ардақты ардагерлер! Медицина қызметкері болу мәртебелі әрі жауапты мамандық екені баршаңызға белгілі. Бұл мамандық иесі – халықпен біте қайнасып қызмет жасайтын, қастерлі еңбек иесі. Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі Медицина қызметкерлерінің күні ретінде кеңінен аталып өтіледі. Жанға — дауа, дертке — шипа, денге саулық сыйлайтын сол ардақты мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде ауданымызда медицина саласына баса назар аударылып, заманауи үлгіде медициналық емханалар ашылуда. Мұның барлығы — ел игілігіне арналған істер. Алдағы уақытта да халықтың ризашылығына бөленіп, ел өмірінің жақсаруына өз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспін», — деді.

Салтанатты жиын барысында аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың алғыс хаттарымен аудандық аурухананың бірқатар қызметкерлері марапатталды. Жоғары кәсібилік пен адам өміріне деген жанашырлықтың, өз ісіне жауаптылықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлер мен медицина саласындағы өзге де мамандардың еңбегі қай кезде де елеулі.

Мерекелік жиын одан әрі көңілді концерттік бағдарламаға ұласып, көпшілік аудан өнерпаздарының өнерін тамашалады. Өнерпаздардың орындауындағы әндер мен нәзік би өрнектері көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген концерт медицина қызметкерлерінің көңілін бір серпілтіп, мерекелік кештің сәнін келтірді.

Бұдан бөлек атап өтер тағы бір жайт, Отырар ауданында әлеуметтік қолдауды цифрлық форматқа көшіру бағытында бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсе» өкілдері ауданға арнайы іс сапармен келді.

Жұмыс сапары барысында жобалық кеңсенің басшысы Фарида Сағындық пен Түркістан облысының «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасының басшысы Асия Құралқызы алдымен Отырар ауданының әкімі Жолдыбай Қайрат Жолдыбайұлының қабылдауында болды. Кездесуде аудандағы әлеуметтік қолдау қызметін жетілдіру, оның ішінде «Отбасын қолдау орталығы» жұмысын күшейту және орталыққа жаңа ғимарат қажеттілігі мәселелері талқыланды. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетілетінін айтып, әлеуметтік саланы дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Аудан әкімінің қабылдауынан кейін жобалық топ мүшелері Отырар ауданындағы №1 жалпы білім беретін мектепке барып, сол жерде ұйымдастырылған оқыту семинарына қатысты.

Семинарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен енгізіліп жатқан «FSM Social» және «Socium» автоматтандырылған ақпараттық жүйелерін таныстыру және түсіндіру мақсатында жобалық кеңсе басшысы Фарида Сағындық, Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Құралқызы, сондай-ақ салалық мамандар қатысты.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы ашып, қатысушыларға семинардың маңызы мен мақсаттарын түсіндірді. Семинар жұмысына аудандық полиция бөлімі, орталық аурухана мен емханалардың қызметкерлері, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар, ауыл округтері әкімдері және әлеуметтік мамандары, аудандық «Отбасын қолдау орталығы» КММ мамандары белсенді қатысты.

«FSM Social» және «Socium» платформалары – әлеуметтік көмек көрсету үдерісін автоматтандырып, мемлекеттік мекемелер арасындағы байланыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық жүйелер. Сонымен қатар, бұл платформалар шешім қабылдау сапасын жақсартуға, адами қатені азайтуға және әлеуметтік сала мамандарының жұмысын жеңілдетуге бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You