Түркістан облысы: Отырар ауданында Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті

Бүгін Отырар ауданында 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті. Мерекелік шараға аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері мен аудандық төтенше жағдайлар қызметі, мемлекеттік қызметшілер, жастар, аудан тұрғындары қатысты.

Көпшілікке жігер сыйлап, қастерлі мерекенің маңызын арттыруға бағытталған шарада мемлекеттік рәміздеріміз дәріптеліп, құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде ту көтеру рәсімі өтіп келеді. Биыл еліміздің Рәміздері күні мерекесі аталып өтіп келе жатқанына 33 жыл толып отыр. 1992 жылдың қаңтарында Мемлекеттік ту, Елтаңба және Гимннің жобасын дайындау туралы байқау жарияланып, Тәуелсіз Қазақстанның Әнұраны, Мемлекеттік туы, мен Елтаңбасы бекітілді. Ал, 2006 жылы жаңа Әнұран қабылданды.

Осыған орай, Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай: «Құрметті отырарлықтар! Қадірлі ағайын!

Баршаңызды ел тарихындағы айтулы мерекелердің бірі 4 маусым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер.

Сонау, 1992 жылдың 4 маусымында жас әрі тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітілді. Міне, сол жұлдызды сәттен бері рәміздер күні тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды.

Әрине, бұл оқиға сіздер мен біздерді, барша халқымызды айрықша қуаныш пен шаттыққа кенелткені рас.

Мемлекеттік рәміздер – ұлттың анықтамасы. Сондықтан біздің әрбіріміз Отанды қалай құрметтеп, елімізді қалай сүйе алсақ, мемлекеттің нышандарын да сол дәрежеде қастер тұтып, құрметпен қарауға тиіспіз.

Әрқашан Елтаңбамыздың еңсесі биік, Мемлекеттік Туымыз көк жүзінде қалықтап, әлемдік табыстарымыздың салтанатында Әнұранымыз шырқала берсін ағайын.

Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға бақыт тілеймін!» — деп жүрекжарды тілегін білдірді.

Естеріңізде болса, биыл сәуір айының 18-інде ауданда Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының тапсырысы аясында, «Жалын» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ҚР Мемлекеттік рәміздерін қолдану мен насихаттауға арналған семинар өткен болатын.

Семинарға аудандағы мемлекеттік мекемелер мен ауылдық округ әкімдіктеріінің, аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының мемлекеттік рәміздерге жауапты мамандары қатысты. Жиынның мақсаты – мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын арттыру, олардың дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету және бұл бағыттағы құқықтық сауаттылықты күшейту.

Семинар барысында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құқық магистрі, аға оқытушысы Мақсат Жаңабайұлы Елібаев қатысушыларға ҚР Конституциясында, «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» заңда көрсетілген талаптар мен мемлекеттік стандарттары жөнінде баяндама жасап, жан-жақты түсіндіріп өтті. Рәміздердің тарихы мен оларды қадірлеудің маңыздылығын айтып, осы бағытта атқарылуы тиіс жұмыстарды баяндады.

Жиында қатысушыларға мемлекеттік рәміздерді қолдану барысында жиі кездесетін құқықтық бұзушылықтар және олардан сақтану жолдары туралы нақты мысалдар келтіріліп, көпшілік тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Жиын соңынада семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Осы орайда атап өтер тағы бір ақпарат, бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған қадамдық жоспары» бойынша азаматтарды тіркеу тұрғылықты жері бойынша және уақытша тіркеу, қандас мәртебесін алу және ұзарту, кетуга құжаттарды рәсімдеу қызметтері туралы «Қызмет алушылар күні» іс-шарасы өткізілді.

Іс-шара халықтың нысаналы топтарына түсіндіруге және мемлекеттік қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді, оның барысында көрсетілетін қызметті алушылардың проблемалық мәселелері және оларды шешу мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар, қабылдау барысында азаматтарға үйден шықпай интернет байланысы арқылы және ауыл округі әкімі аппараттарынла орналасқан «Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышымен» мемлекеттік қызметтерді алуда «Е-gov» порталымен азаматтарды тіркеу тұрғылықты жері бойынша және уақытша тіркеу тіркелуші азаматпен меншік иесі арасындағы келісім электронды түрде жүргізілетіні туралы азаматтарға кеңес берілді.

Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында шетелдегі этникалық қазақтардың «Құтты мекен» мобильді қосымшасы арқылы «Қандас» мәртебесіне өтініш беруге болатыны хабарланды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You