Түркістан облысы: Отырар ауданында санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Бүгін Отырар ауданы әкімдігінің жанындағы халық денсаулығын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің жиыны өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов төрағалық еткен жиынға ауыл округі әкімдері, ауыл округтеріндегі аға дәрігерлері және кеңес мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде Отырар ауданында 2025 жылдың 4 ай көлемінде аса қауіпті жұқпалы (құтыру, бруцеллез) ауруларының алдын алу жөнінде атқарылған іс-шаралардың барысы туралы талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Н.Бимбетова баяндама жасады.

Назар аударар мәселе, бруцеллез (сарып) — жануардан адамға жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Бруцеллезбен барлық ауыл шаруашылығы және үй жануарлары ауырады. Бірақ бруцеллез таралуында ұсақ және ірі қара мал маңызды рөл атқарады. Аса қауіпті, аурудың ауыр түрлеріне әкелетін қой мен ешкі бруцелла қоздырғышы болып табылады. Адамға жұғу жолы ауру малдарға қарау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан, тамаққа зарарсыздандырылмаған сүт, сүт өнімдерін, етті қолданудан болады. Сол себепті сақ болыңыз және кездейсоқ сауда орындарынан азық-түліктерді алмаңыз, әрдайым сатушыдан өнімге сапа куәлігін (сертификат) көрсетуді талап етіңіз.

Барлық ауыл шаруашылығы малдарына тән бруцеллездің негізгі белгілері: түсік тастау, өлі төлдеу. Бруцелла вирусы суда 2 ай, етте 3 ай, тұздалған етте 30 күн, жүнде 4 ай, шикі сүтте 40 күн, брынза, сүзбе, қаймақта 2 ай сақталады. Бруцеллалар 60 градуста қыздырғанда 30 минутта, қайнатқанда бірнеше минутта өледі.

Бруцеллез ауруын жұқтыруға себеп болатын мән-жайлар:

  •    адам мал сойғанда қан арқылы, (кесіп алған немесе зақымдалған тері арқылы), өлі төлден, түсік тастаудағы материалдар, төл жанындағы су, зақымдалған жүн арқылы;
  •    ауру малдың сүтін, сүт тағамдарын ішкенде немесе жегенде;
  •    ауру малдың ластанған нәжіс, тағы басқа бөлінділерімен шаң-тозаң арқылы;
  •    ауру малдың етінен қанды кәуәп жегенде, тартылған еттен;
  •    ауру малдың жүнін сыпырғанда, өңдегенде, қырққанда, түбітін түткенде, тоқығанда;
  •    науқас анасы арқылы балаға жатыр арқылы немесе сүтін емгенде.

Ауруды жұқтырған сәттен бастап, алғашқы белгілері 1-4 апта кейде 2-3 айға созылуы мүмкін. Адамдарда бруцеллез ауруы жедел түрде басталып дене қызуының жоғарылауымен бас ауруы, әлсіздік, бұлшық еттердің, аяқ буындарының, бел тұсының ауырсынуы, түнде тершеңдік, ұйқысыздық, тәбетінің нашарлауына әкеп соғады. Әйел адамда бруцеллез ауруының белгісі жиі түсік тастау болып табылады.  Бұл жағдайда, науқас дәрігерге неғұрлым ерте қаралса, адамға ем қабылдау соғұрлым нәтижелі болады.

Жеке бас және жанұя мүшелерін бруцеллез ауруынан сақтап қалу үшін негізгі алдын алу шараларын білу қажет:
•    Мал сою кезде, мал өнімдерінің шикізатымен айналысқан жұмысшылары арнайы киімдер (халат, резинадан жасалған алжапқыш, резина етік, қолғап) киіп  жұмыс істеуі қажет. Арнайы киімді үйге кіргізуге болмайды, ластанғанда бөлек жуу керек.

  • Жұмыстан соң қолды ыстық сумен сабындап жуу керек.
  •    Мал тұрағында, ет, сүт павильондарында темекі тартуға, тамақ ішуге болмайды.
  •    Тексерілмеген мал сүтін, шикі сүт ішуге, кез келген жерден сүт тағамдарын сатып алуға болмайды.
  •    Белгісіз малдың етін ветеринарлық құжатсыз сатып алуға болмайды, тағам пісіргенде шикі еттің дәмін көруге болмайды;
  •    Балаларға ауру малды жайлауға, жүкті, бала емізіп жүрген аналарға мал союға қатысуға болмайды;
  •    Ауру мал тұрған жерді міндетті түрде дезинфекциялау керек.
  •    Ауру малдарды 3 күн ішінде сойып тапсыру, үй жағдайында союға тыйым салынады;
  •    Ет шикізаты кәсіпорындары жұмысшылары, ет шабушылар жылына бір рет бруцеллезге тексеріліп отыруы қажет;
  •    Ауру малдар анықталған жанұя, әсіресе, балалар міндетті түрде емдік-профилактикалық мекемелерде медициналық тексеруден өтіп, бруцеллезге тексерілу қажет;
  • Ауыл шаруашылығы малдарын бруцеллезге тексерту;
  •    Ауру малдар анықталған кезде ветеринарлық мамандарға хабар беру.

Құтыру да – адамдар мен жануарларға ортақ жіті вирустық инфекциялық ауру. Оның емі жоқ, қауіптілігі де осында. Егер уақтылы ем-шара қолданбаса, соңы әлгіндей өліммен аяқталады. Құтырудың қоздырғышы – адам миын зақымдайтын ауру жануардың сілекейінде болатын вирус. Бұл аса қауіпті індет ауру жануар тістеген, теріні зақымдаған (жаралар, жарақаттар), сілекейлеген кезде, сондай-ақ сілекеймен ластанған заттарға жанасқанда жұғады. Вирус адамнан адамға берілмейді.

Дәрігерлердің айтуынша, үй жануарлары арасында әдетте ит пен мысық ауру көзі боп табылады. Инкубация кезеңінің соңында көп жағдайда адамдар үшін аса қауіпті болатын да иттердің сілекейі. Аурудың үш кезеңі бар: алғашқы белгілері пайда болатын сипаттамалық, қозу және параличтік. Бірінші кезеңнің ұзақтығы екіден жеті күнге дейін созылады. Тістеу аймағындағы тыртық қызарады, жарақат орны адамды мазалай бастайды, адамда алаңдаушылық, үрей сезімі пайда болады, терең депрессияға түседі, ұйқысы бұзылады. Екінші кезеңде адам судан, таза ауадан, дыбыстардан, жарықтан – қоршаған ортадан қорқады. Ашу-ыза кернеп, көп көлемде сілекей бөлінеді. Науқастың оны жұтуға шамасы жетпей, қиналады. Үшінші кезең – паралитикалық, ауру ұстамалары тоқтаған кезде науқастың жағдайы жақсарғандай болады. Дегенмен, жүрек, сал ауруы немесе тыныс алудың тоқтап қалуынан өлім жағдайлары кенеттен болады.
«Бұл дерттің алдын алу үшін дер кезінде медициналық көмекке жүгіну аса маңызды. Өйткені, ауруға жол бермеудің жолы бар. Бұл – құтыру ауруына қарсы вакцина. Екпені жарақат алған сәттен бастап 24 сағаттан кешіктірмей алу керек!» — дейді санитар дәрігерлер. 

Атап өту керек, Отырар ауданы құтыру ауруына табиғи қолайсыз ошақтардың есебіне жатады. 2025 жылдың 4 айында Отырар ауданында құтыру ауруы есепке тіркелмеген. Ағымдағы жылы хайуанатардан жарақат алғандар саны 68 болып тіркелсе, оның ішінде 14 жас дейінгі балалар саны — 24 жағдай.

Осы ретте хайуанаттардан жарақат алғандар көбінесе көшеде байлаусыз жүрген иттерден жарақат алуда, ветеринария тарапынан халық арасында байлап ұстау ережелерін өз деңгейінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, Н.Бимбетова құтыру ауруының алдын алу бойынша кеңеске өзінің нақты ұсыныстарын беріп, ауыл окугі әкімдіктері мен тиісті мекеме басшылары бірлесе жұмыс атқару керек екендігін айтып өтті.

Жиын барысында құтыру ауруына қарсы егу жұмыстарымен ит, мысық және ауыл шаруашылығы малдарының толық қамтылуы, жануарлардан жарақат алған адамдар дер кезінде қаралып, антирабикалық емін кесте бойынша алынуын қадағалау сынды мәселелер назарға алынып, кеңес төрағасы тарапынан жою мақсатында тиісті мекеме басшысына нақты тапсырмалар жүктелді.

Кеңес төрағасы Айдос Құлмаханов әр мәселенің бақылауда болатындығын жеткізіп, тиісті сала басшыларына орындалуын жауаптылықпен назарда ұстауын тапсырды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You