
Түркістан облысы Отырар ауданында шіркейлерге қарсы дезинсекциялық жұмыстар кең ауқымда және күшейтілген режимде жалғасып келеді.
Қазіргі таңда Сырдария өзенінде шіркей дернәсілдеріне қарсы биологиялық әдіс — бактицид препараты қолданылуда. Аталған шараларға төрт моторлы қайық және арнайы техникалар тартылып отыр. Бұл жұмыстар аудан аумағындағы барлық елді мекендерді қамтитын болады.
Сонымен қатар, химиялық өңдеу жұмыстары да қарқын алып, жалпы көлемі 5 408,4 гектар аумақта залалсыздандыру шаралары жүргізілу үстінде. Бұл бағытта 30 бірлік техника жұмылдырылған. Ал Балтакөл ауыл округінде дәрілеу жұмыстарына арнайы әуе көліктері қолданылуда.
Шіркейге қарсы күрес жұмыстары Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының тікелей бақылауында тұр. Аудан тұрғындарының жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін барлық қажетті санитарлық-эпидемиологиялық шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Айта кетейік, бұл дезинсекциялық шаралар – маусымдық және жүйелі негізде ұйымдастырылып, ауданның барлық ауылдық округтерінде жалғасады. Мақсат – тұрғындар үшін қолайлы санитарлық орта қалыптастыру.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, шіркейге қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы — қатаң бақылауда.
2025 жылы 13 мамырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың шіркейге қарсы шаралар бойынша кезекті ШТАБ отырысы өткізілді. Штаб отырысында ағымдағы жағдайға шіркейге қарсы қолданып жатқан препараттар және олардың тиімдігілі қаралды. Сондай-ақ, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген ауылдарда оның нәтижесі бойынша аудан әкімдіктерінің есептері тыңдалды.
Сонымен қатар, Түркістан өңірінде қолданылып жатқан биологиялық препараттың өндірушісі «Сибио фарм» компаниясының өкілі Александр Николаевич Швыдков таңдалып, «Бактицид» препаратын тиімді пайданалу тетіктері зерделенді.
Осы ретте айта кету керек, биологиялық залалсыздандыру жұмыстарының 9 туры өткізіліп, 95 тонна биопрепарат Сырдария өзеніне құйылды. Бұл бағытта 10 техника жұмылдырылған.
Сондай-ақ, химиялық дәрілеу жұмыстары 15 секторда бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жалпы, 51 елді мекен, 591 көшеде залалсызданыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде, бұл жұмыстарға 27 техника күнделікті пайдаланылуда.
Естеріңізде болса, Түркістан облысында шіркейге қарсы дезинсекция шараларын жүргізіп жатқан «Satti Tulik» ЖШС-нің жұмысына қатысты бірқатар сын айтылған-ды. Нәтижесінде әкімшілік хаттама толтырылып, 1,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Мекеменің тапсырысшы алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өткізген штаб отырысында қаралды. Мердігер мойнына алған маңызды міндетін тиісінше орындамаған жағдайда, заң шеңберінде қатаң шара қолданылатыны ескертілді.
Сырдария өзені және Көксарай су реттегіш бойында орналасқан елді мекен аумақтарында шіркейлерге қарсы дезинсекция шаралары наурыз айында басталған. Бұл жұмыстарды «Satti Tulik» ЖШС жүргізуде. Ғылыми сүйемелдеу жұмыстарына «Защита-растений» ЖШС жауапты. Биыл биологиялық залалсыздандыру жұмыстары ерте, яғни наурыз айында басталды. Осы уақыт ішінде дәрілеу 7 рет жүргізілді. Жалпы, заласыздандыру алаңы 15 секторға бөлінген.
Сырдария өзеніндегі залалсыздандыру аймағына 76 тонна «Бактицид» препараты өзенге құйылды. Мамандардың айтуынша, дәрілік заттың төрт түлікке, ара, балық және басқа да тіршілік иелеріне зияны жоқ.
Мердігер мекеме ғылыми негізде нақтыланған тұжырымдама аясында күрес шараларын биологиялық препараттарды суға жіберу әдісі, ал су қорғау аймақтарындағы ағаштардың бұталары мен елді мекен, демалыс аумақтарында химиялық өңдеу әдісі қолданылады.
Түзілген келісім шартқа сәйкес, Сырдария өзеніне, сондай-ақ Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Отырар, Шардара, Келес, Ордабасы, Сауран аудандарында дезинсекция жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Биологиялық залалсыздандыру аясында 127 008 килограмм биологиялық препараттарды су айдындарына жіберу көзделген.
Өткен жылмен салыстырғанда құйылатын нүктелер саны екі есе көп. Бұл жұмыстарға 50-ге жуық адам, 15 техника, 4 қайық жұмылдырылған.
Биологиялық өңдеуден кейін қосымша химиялық препараттармен залалсыздандыру көзделген. Түзілген келісім шартқа сәйкес, 5408,4 гектар жер аумақты химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстар да қатар жүргізілуде. Биыл зиянкестермен күреске 1,4 миллиард теңге бөлініп, дәрі көлемі үш есеге артты.
Түркістан облысында биыл зиянкестермен күреске 1,4 миллиард теңге бөлініп, дәрі көлемі үш есеге артты. Былтыр Сырдарияға 40 тонна дәрі қолданылса, биыл 120 тонна сатып алынды.
Шіркей ошақтары Арыс қаласы мен Шардара, Отырар аудандарында анықталған. Қазір Отырарда 30 маман мен 11 техника жұмылдырылып, биологтар нақты ошақтарды белгілеп, нұсқау беруде.
Биолог Гаухар Кемелбекованың айтуынша, жұмыс 28 наурыздан басталған, бүгінде дәрілеудің 7-кезеңі жүріп жатыр. Алғашында биологиялық әдіс қолданылып, арнайы қауіпсіз ресейлік препарат өзендерге құйылады. Егер нәтиже болмаса, елдімекендерге химиялық әдіс те қолданылады. 21 сәуірден бастап ауыл ішіне дәрі шашу басталды. Бұл үшін 20-дан аса техника тартылған.
Қазіргі таңда ғалымдар дәрінің тиімділігін зерттеп, шіркей ошақтарын бақылауда. Жалпы, биыл 5 гектардан аса аумаққа химиялық өңдеу жүргізіледі.
Естеріңізде болса, сәуір айының 22-сінде Отырар ауданы әкімдігінің мәжіліс залында шіркейге қарсы дәрілеу жұмыстарының барысы мен алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеу мақсатында жиын өткен болатын.
Жиынға Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков пен аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, мердігер «SATTI TULIK» ЖШС-ның директоры Т.Қалшораев, ғылыми сүйемелдеуші мекеме «Защита растений — К» ЖШС-ның биолог мамандары Майра Халыкова мен Ж.Көбешова, ауыл округтері әкімдіктерінің мамандары және аудандық қоғамдық кеңесі мен жергілікті қоғамдастық мүшелері қатысты.
Жиын барысында биолог маман Майра Халыкова зерттеу нәтижелері бойынша баяндап, шіркейлердің қайтадан пайда болу себептерін түсіндірсе, биология ғылымдарының кандидаты Қаршыға Көшкімбаев дәрілеу жұмыстары негізінде дернәсілдердің қайта тірілу көрсеткіші төмендегімен өзен арнасының тарылуы, ауа райының өзгеруі және өзге де түрлі факторлар шіркейлерді жою жұмыстарына кері әсер ететінін және бұл жұмыстар әлі де ғылыми ізденістерді қажет ететінін жеткізді. Сондай-ақ, «SATTI TULIK» ЖШС-ның директоры Т.Қалшораев дәрілеу жұмыстары биолог мамандарының берген ұсынысы негізінде тиісті кезеңде жүргізіліп жатқанын айтып өтті.
Жиында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Дайрабаев, мүшелері Әбдірахман Мәуленқұл, Бақытжан Сапарбай мен қоғам белсендісі Аймурзаев Хайрулла мұндай табиғи жағдайларға жан-жақты зерделеу жүргізілуі керектігін, шіркей дернәсілдерінің көбеюі табиғаттағы тепе-теңдіктің жоғалуы салдарынан болуы мүмкін екендігін, дәрілеу жұмыстары мен зерттеу шараларын қадағалау үшін жергілікті әкімдіктің мамандарын жауапты қылып бекіте отырып қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен өткізуді ұсынып, пікірлерін айтты. Жиын барысында өзге де бірқатар ұсыныстар айтылып, оларды нәтижелі шешу жолдары талқыланды.
Кездесуде басқарма басшысының орынбасары Жанәділ Нұрғалиұлы белгіленген аймақтардағы дәрілеуді жұмыстарын жандандыруды, өзен арнасының тұйық бөліктеріндегі дернәсілдердің субстраттарға жабысатын жерлерінің көлемін анықтап, дәрі мөлшерлемесінің нұсқаулықтарына сәйкес нақты ұсыныстар енгізуді, мердігер мекеменің қызметкерлері ғылыми сүймелдеуші биолог мамандармен тығыз байланыста жұмыс жасап, солардың ұсынымдары негізінде қажетті шараларды жүргізуді, дезинсекция жұмыстарына қосымша күштерді тарта отырып, жүк тасушы көліктердің санын арттыруды, қажет болған жағдайда қайықтармен жүріп дәрілердің тиісті аймақтарға таралуына зерделеу жүргізуді тиісті мамандарға тапсырды.
Жиында дәрілеу жұмыстарын жүргізу аймақтарының картасында көрсетілген орындарда жүргізілген жұмыстардың нәтижесі мамандардың қатысуымен талқыланып, алда атқарылатын жұмыстардың бағыттары айқындалды.
Ал сәуірдің 18-інде Көксарай ауыл округі әкімі аппаратында аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеевтің төрағалығымен шіркейге қарсы дәрілеу жұмыстарының барысын талқылау мақсатында жиын өтті.
Аудан әкімі Қ.Жолдыбайұлының тапсырмасына сәйкес өткен жиынға ауыл округі әкімі міндетін уақытша атқарушы Д.Хайыпназарұлы, инфрақұрылым жөніндегі бас маман Ж.Утегенов, аудандық мәслихат депутаты А.Молдалы, жергілікті қоғамдастық төрағасы Х.Аймурзаев, «SATTI TULIK» ЖШС директоры Т.Қалшораев, биолог маман Д.Енкебаев, биолог маман Ж.Көбешовалар қатысты.
Жиын барысында биолог маман Ж.Көбешова зерттеу нәтижелері бойынша атқарған жұмыстары жөнінде қысқаша баяндама жасап, презентациямен таныстырды. Жиында жергілікті қоғамдастық төрағасы Аймурзаев Хайрулла мұндай апаттар өздігінен орын алмайтындығы, олардың көбеюі шіркей дернәсілімен қоректенетін балықтардың азайып кетуінен болуы мүмкін екендігін айтып, жұмысты осы бағытқа бұрып зерттеу жұмыстарымен айналыссаңыздар деген ұсынысын жеткізді. Бұдан бөлек жиынға қатысушылар өз тараптарынан бірқатар ұсыныстар айтып, оларды нәтижелі шешу жолдары қаралды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Т.Елекеев тиісті мекеме мамандарына жұмыс барысын күшейтіп, іс-шаралардың сапалы жүруіне нақты тапсырмалар берді. Жиыннан соң шіркейге қарсы дәрілеу жұмыстары жүріп жатқан орынға барып, орындалу барысымен танысып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Кездесуде Тоқсейіт Артықбайұлы аталған жұмыстар аудан әкімінің тікелей бақылауында екенін айтып, апта сайын кездесу өтіп, атқарылған жұмыстар баяндалып отыратынын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.