Түркістан облысы: Отырар ауданының экономикасында тұрақтылық байқалады

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе 2025 жылғы 5 айдың қорытындысына сәйкес ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалуы мен бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша индикаторлық көрсеткіштерінің болжамды орындалуы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай баяндаса, екінші мәселе жұмыспен қамту іс-шара жоспарының орындалуы туралы «Мансап» орталығының директоры Ерболат Әбиев хабарлама жасады.

Аудан әкімі мәжілісте көтерілген әрбір мәселе бойынша тиянақты жұмыстар жүргізу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, индикаторға жауапты салалық бөлім басшыларына 2025 жылдың І жартыжылдық қорытындысына орай экономикалық көрсеткіштердің жоғарғы өсім деңгейі мен жоспардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қажетті шараларды қабылдауды, тиісті есептіліктердің орындалуын статистика органына мерзімінде тапсырылуын жүктеді.

Бұдан бөлек бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы ағын су мәселесі бойынша Шәуілдір бас тоспасының басына арнайы барып, «Д.Алтынбеков» және «Көкмардан» каналдарының ағын су лимитін арттыру мәселесін де талқылады.

Аймақтағы егін шаруашылығы аудан экономикасының негізгі драйвері болғандықтан, осы ағын су тапшылығының алдын алу ең күрделі мәселелердің бірі болатыны айтпаса да түсінікті. Осы орайда қос каналдың аяқ жақ бөлігіндегі су тапшылығы орын алып келе жатқан аумақтағы түйінді мәселелердің шешімін табу үшін тиімді жолдарды қарастырып, сала мамандарына су деңгейін тұрақты ұстап тұру, кезекшілік қою секілді мәселелер бойынша тапсырма берді.

Аралау барысында аудан басшысы шаруаларға қажетті ағын суды жеткізу ең негізгі міндет екенін ескертіп, осы бағыттағы жұмыстарды қадағалауды жауапты сала орынбасарына жүктеді. Аудан әкімі аталған жұмыстар өзінің тікелей бақылауында болатындығын ескертті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You