Түркістан облысы республика көлемінде ауыл шаруашылығы индикаторларын орындау бойынша көшбасшылар сапында келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бекітілген жол картасы бойынша 2025 жылға негізгі 10 индикаторлық көрсеткіштер жоспары түзілген. Аталған жоспардың орындалу барысы бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жоспарды кешеуілдеткен аудан, қала әкімдерінің есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, осы салада 6 айда жалпы өнім көлемі 253,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,7 %-ды құрады. Негізгі капиталға инвестиция тарту 44,2 % орындалып, 103,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылды. 6 айда 82,3 миллиард теңге инвестиция тарту жоспары 1,3 есе артық орындалды. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 гектарға орналастырылып, жоспар 1,4 есе артық орындалды. Егіс алқаптарына ғылыми негізде 189,8 мың тонна тыңайтқыштар енгізу жоспары 109 % орындалды немесе 206,2 мың тонна тыңайтқыштар сатып алынды. Машина трактор паркін 6,5 % жаңалауды қамтамасыз ету бойынша 877 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жалпы, 2025 жылға 1649 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған.

Техникаларды жаңалау үлесі 9,4 %-ға жетеді. Шардара ауданында «Батырхан ата» ЖК-нің «2200 тонналық көкөніс сақтау қоймасы» жобасы жүзеге асырылды. Түлкібас ауданында «Кентау» ЖШС-нің «2000 тонналық көкөніс сақтау қоймасы», Сайрам ауданында «Shagyr Fruit» ЖШС-нің «2200 тонналық көкөніс сақтау қоймасы» жобалары жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарланған.

Жалпы АӨК даму көрсеткіштерінің орындалуы бойынша басқарма тарапынан ай сайынғы рейтинг бағалау жұмыстары жүргізілуде. 6 айдың қортындысымен алғашқы үштікке Түлкібас, Созақ, Отырар аудандары орналасқан. Көш соңындағы аудан, қала әкімдеріне тиісті ескерту беріліп, жұмысты ширату тапсырылды.

Айта кетейік, АӨК-тің инвестициялық жобалары бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, жалпы құны 227,5 миллиард теңгені құрайтын 60 жобаны іске асыру көзделген (2252 жаңа жұмыс орны құрылады). Биылғы жартыжылдыққа 53,6 миллиард теңгеге 17 жоба іске асырылып, 726 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін қалған 12 жоба (69,6 миллиард теңге) жүзеге асырылмақ.

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты жалғасып жатыр

Атап өтер тағы бір мәселе. Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Өткен аптада облыс көлемінде 215 арнайы тазалық шарасы ұйымдастырылған. Оған қоса Шардара жағажайы аумағын ретке келтіру шаралары жүзеге асты. Бұл бағыттағы мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте талқыланды.

Жиналыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жағажай аумағында атқарылған рейдтік, тазалық шаралар легін баяндады. Оның сөзінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты бақылауда, ал демалыс аймақтарында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жалғаспақ.

Өткен аптада облыс көлемінде 215 тазалық шарасы өтіп, оған 5759 адам қатысқан. Жалпы 182 қоқыс шығарылды. Шардара жағажайы аумағында анықталған кемшіліктер бойынша рейдтік жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда жалға берілетін сәкілердің орны 50 метрге жылжытылып, арнайы қауіпсіздік белгілері орнатылған. Тазалық және қауіпсіздік шаралары толық тексерістен өтуде.

Сонымен қатар «Қазсушар» РМК тарапынан су қойма жағасында заңсыз орналасқан кәсіпкерлерді тексеру бойынша құзырлы органдарға арыз берілді. Полиция департаменті тарапынан 6 кәсіпкерге айыппұл салынып, жалпы 196 құқықбұзушылық анықталып, айыппұл салынды. Бүгінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 6 демалыс орнына тексеру жұмыстарын жүргізуде. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 36 хаттама толтырылды. Сондай-ақ жағажай аумағына 16 құтқарушы бекітіліп, қауіпсіздік белгілері орнатылды. Бұдан бөлек, жағажай аумағында 15 автокөлік айыптұраққа қойылды.

Мониторинг жұмыстарына сәйкес жағажайда жалпы 409 сәкі анықталды. Оның 282-сі жеке кәсіпкерлердің меншігінде болса, қалған 111-і жеке тұлғаларға тиесілі. Мұнда киім ауыстыратын орын мен әжетхана қарастырылмаған. Жоғарыда аталған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, толығымен қалыпқа келтірілді. Бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасады.

Жиын соңында аймақ басшысы Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмасы – «Таза Қазақстан» бағдарламасын маңызға алып, жауапты мамандарға бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You