
Сарыағаш ауданының білім бөліміне қарасты №7 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Ақжүніс Атахан әлемнің жетекші 36 университетінен шақырту алды. «Халықаралық қатынастар» мамандығын таңдаған жас түлек дүниежүзіндегі озық университеттерде білім алып, өз саласын жетік меңгерген майталман маман болуды армандайды екен.
Әлем назарын аудартқан талапты оқушының ҰБТ-дегі бағалары да ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Білім сынағының соңғы нәтижесі бойынша ол 111 ұпай жинаған. Ауыл мектебінде оқитын Ақжүніс Асылханқызы соңғы екі жылда шетелде оқимын деген мақсат қойған. «Жаңа ортада өзгенің мәдениетін танысам, білім көкжиегімді кеңейтсем» деген ниетпен үздіксіз ізденген. Нәтижесінде ол Дубай, Түркия, Малайзия, Канада, АҚШ сынды дамыған елдердегі университеттерге құжатын жіберіп, 36-сынан шақырту алған. 16 жастағы оқушы Американың 17, Дубайдың 5, Түркияның 6, Малайзияның 5 университетіне арнайы грант ұтып алып, Канаданың 1 университетіне президенттік стипендиямен оқуға шақыртылып отыр.
Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап үздіктер тақтасынан түспеген Ақжүніс Атахан оқуда озат, ізденімпаз оқушылардың қатарынан көрініп келеді. Ақжүністің жетістігі өңірдегі өзге оқушыларды да қанаттандырды. Өйткені ол — аталмыш білім ордасынан шетелдік оқу орындарынан шақырту алған алғашқы шәкірт. Талапты жас жаһанның мықты университетінің бірінде оқуын тәмамдап, елге қалтқысыз қызмет етуді армандайды.
Расын айту керек, Түркістан облысы талантты оқушылардан кенде емес. Мәселен, кеше ғана Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары 140 ұпай жинап, елді таңғалдырған Жәнібек Әбілханды қабылдады. Кездесуге Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Сәуле Исанова мен сынып жетекшісі Гүлзира Бортаева қатысты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан жас түлекті арнайы құттықтап, сый-сыяпат жасады. Марапат пен оқуға қажет ноутбук құрылғысын табыстады. Ұстаздарына құрмет көрсетті.
— Апта өңір үшін өте қуанышты жаңалықпен басталды. Оның басты себепкері әрі кейіпкері – Жәнібек өзіңіз. Республика көлемінде Түркістан өңірі мен ауылыңыздың абыройын көтеріп, рекорд жасадыңыз. Отандастарымызға үлгі болдыңыз. Шын жүректен құттықтаймыз! Зияткер оқушымызды білім нәрімен сусындатып, тәрбие берген ұстаздарға алғысымыз мол. Бұл бір күндік жұмыс емес. Жылдарға ұласқан еңбектің нәтижесі. Жәнібек секілді елді білімімен мойындататын шәкірттеріңіз көбейсін. Кәсібиліктеріңізді оқушылар арқылы дәлелдейсіздер. Жәнібек соның жарқын көрінісі. Білім ұясымен таныспыз. Мектептің маңдай алды түлегі ең мықты университетке оқуға түсуіне тілектеспіз. Таңдаған салаңыздың шыңына шығып, мемлекетімізде сұранысқа ие мамандардың бірегейіне айналыңыз. Ата-анаңыз, ұстаздарыңыз бен облыстың үмітін әрдайым ақтайды деп сенеміз. Биік белестерді бағындырыңыз! — деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Жәнібек Асқарұлының мамандығы белгілі. Таңдауы информатика пәніне түскен. Көпбалалы отбасында тұрады. Мұғалімдері бала кезден ақылды, зерек, ізденімпаз, салмақты және табанды екенін айтуда.
Рекордсмен оқушы білім алған мектеп Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында орналасқан. 1500-ден астам бала тәлім алып жатыр. Оқу жылында 100-ден астам оқушы мектеп бітіреді. Ғимараты 1986 жылы салынған. Облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы реновация тізіміне енгізілгенін мәлімдеді. Биыл нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. Балалар жаңа оқу жылында жаңғыртылған мектепке барады.
Айта кетейік, Түркістан өңірінде қазіргі таңда 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы бар. Олардың ішінде 2 313 оқушы — «Алтын белгіге», ал 2 400-і — «Үздік аттестатқа» үміткер. Биылғы оқу жылында 33 мыңнан астамы 11-сыныпты бітірді. Оның ішінде 27 386 түлек ҰБТ тапсырады. Қорытынды мемлекеттік емтихандар 9-сыныптар үшін 29 мамыр мен 10 маусым аралығында, ал 11-сыныптар үшін 30 мамыр мен 16 маусым аралығында ұйымдастырылады. Облыста 5 тестілеу пункті жұмыс істеп тұр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
