Түркістан облысы: Сарыағаш ауданындағы коммуналдық сала өкілдеріне жаңа техникалар тапсырылды

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында арнайы техникалар пайдалануға берілді. Жаңа техника кілттерін ауданға іссапармен барған облыс әкімі Нұралхан Көшеров табыстады.

– Өздеріңізге мәлім, бір жыл бұрын бәріміз «Таза Қазақстан» бағдарламасын бастағанбыз. Осы жалпыұлттық бағдарламаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып келе жатқан әрбір азаматқа шын жүректен алғысымды білдіремін. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз» — деген болатын. Осы тазалық жұмыстарын жүргізу барысында тұрғындардың өмір сапасы мен ауыл тазалығын жақсарту мақсатында ауданға облыстық бюджеттен қаржы бөліп, техника кілттерін тапсырғалы отырмыз. Бұл жаңа техникалар коммуналдық қызметтерді жаңартып қана қоймай, ауданның таза әрі көрікті болуына да мүмкіндік береді. Ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.

Бұл бастама – ел Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасын жергілікті деңгейде нақты іске асырудың көрінісі.

Облыстық бюджеттен 257,1 миллион теңге бөлініп, көше жуу мен тазалағыш құралы орнатылған 1 КамАз автокөлігі, 11 шағын көлемді, үнемді, әмбебап lovol-604 тракторы және 11 тіркемесі тапсырылды. Бұл техникалар шағын көлемді алаңдарда, жылыжайларда, мал фермаларындағы және коммуналдық жұмыстарға өте қолайлы.

Айта кетейік, соңғы екі жылда Түркістан облысы бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында коммуналдық салаға жүздеген техника сатып алынған. Соның ішінде Сарыағаш ауданының үлесі артып келеді. Жаңа техника аудан орталығымен қоса, ауылдық округтердің де санитарлық тазалығын сақтауға қолданылады.

Техника демекші, Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің автопаркі республикалық бюджет есебінен 2 бірлік «КамАЗ»-43118 АНР-150, 1 дана «КамАЗ»-43118 АЦ-5/70 өрт сөндіру автокөліктерімен және жергілікті бюджет есебінен замануи «Daewoo» автобусымен толықты.

Аталған автокөліктер төтенше жағдайларды жоюға, жеке құрамды оқиға орынына тасымалдауға мүмкіндік береді. Әмбебаптығының арқасында өзге де іс-шаралар кезінде үлкен септігін тигізеді.

Облыс әкімінің бүгінгі іссапарына қатысты атап өтер тағы бір мәселе. Түркістан облысында озық технологияны пайдалана отырып, білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ел Президентінің тапсырмасы аясында өңірлерде «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен заманауи білім ошақтары салынып жатыр. Түркістан облысында жалпы саны 29 білім ошағын ашу жоспарланған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданының «Телемұнара» шағынауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық білім ұясына барып, құрылыс жұмыстарын бақылады.

Заманауи үлгідені нысанның жобалық-сметалық құны 5,1 миллиард теңгені құрайды. Мектеп 4 гектар аумақта орналасқан. Білім ошағы биыл ел игілігіне пайдалануға берілмек. Мұнда 50 жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінде инженерлік инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталған. Құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалған. Нысанның ішкі әрлеу мен баспалдақтарына кафель төсеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ айналма жол, лоток орнату және сыртқы абаттандыру шаралары жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімі нысанды толық аралап, жауапты басшылар мен мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын уақтылы орындауды тапсырды. Кейбір мәселелер бойынша сын-ескертпе айтып, жұмысты сапалы атқару керектігін жеткізді. Кемшіліктерді шұғыл ретке келтіруді міндеттеді.

«Келешек мектептері» жобасы аясында Сарыағаш ауданында 4 мектеп салу көзделіп, екеуі тапсырылған болатын. Биыл тағы екеуі ел игілігіне берілмек.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You