Түркістан облысы: Сарыағаш пен Келес аудандарында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі өркен жайып келеді

Енді рет-ретімен айтсақ. Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылдық округіндегі индустриалды аймақта қуаттылығы тәулігіне 45 тонна күнбағыс майын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Осы ретте, аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысанына арнайы барып, зауыттың қазіргі жай-күйімен танысты.

Бүгінде зауыт ғимаратының кірпішін қалау жұмыстары мен инфрақұрылым тарту шаралары жүргізілуде. Зауыт үш цикл бойынша жұмыс істейді деп күтіліп отыр. Мұнда күнбағыс майын өндірумен қатар, құнарлы мал азығын да шығару жоспарланған. Нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосу көзделген. Жоба «Альбаракад 077» ЖШС-нің инвестициясымен жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны – 800 миллион теңге.

Айта кетсек, бұл жоба аудан экономикасын дамытуға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының қатары артпақ.

Сонымен қатар Келес ауданында да ауыл шаруашылығы саласында биыл оң өзгерістер байқалады. Өңірге арнайы келген түркиялық инвесторлар ауданның табиғи-климаттық ерекшеліктерін зерделеп, жеміс-жидек шаруашылығын, соның ішінде шабдалы өсіруді дамытуға қызығушылық танытып отыр. Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев шетелдік мамандарға өңірдің әлеуетін таныстырып, әріптестік орнату жолдарын талқылады.

Бүгінде «Нұржан» шаруа қожалығының төрағасы Нұржан Умаров Түркиядан 15 000 түп «Орион» сұрыпты шабдалы көшеттерін әкеліп, 12 гектар жерге отырғызды. Бұл көшеттер Келес ауданында арнайы дайындалған аумаққа отырғызылып, алғашқы ірі шабдалы бағының негізі қаланды. Жобаның келесі кезеңінде шабдалы бақтарын кеңейту жоспарланған. Бұл бағытта «Ұлы Дала» өндірістік кооперативінің төрағасы Құрманғазы Асанбаев пен Нұржан Умаров бірлесе отырып, көлемі 51,3 гектар жер учаскесіне шабдалы көшеттерін отырғызу жұмыстарын қолға алмақ.

Алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлер Түркия елінен сапалы көшеттер әкеліп, заманауи жеміс бақтарын құруды жалғастырады. Бұл бастама өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және Келес ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрін көбейтуге жол ашады.

Жалпы, Келес ауданында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларға ерекше мән берілуде. Аталған жұмыстар бойынша аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев «Асвс ойл» ЖШС өкілдерін қабылдап, жаңа өндіріс орнының ашылу барысын талқылады.

Аталған серіктестік Ошақты ауылдық округіне қарасты Сарыжылға елді мекенінің аумағынан жалпы құны 1 миллиард 780 миллион теңге болатын жібек құртын өсіру және өңдеу кәсіпорнын салуды қолға алуда. Жоба аясында 60 гектар жер учаскесіне тұт ағашының көшеттері отырғызылып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған.

Қазіргі таңда аталған жер учаскесі заңды негізде бөлініп, қажетті инфрақұрылым жұмыстары басталды. Атап айтқанда, жер асты су ұңғымасы қазылып, су шығару жұмыстары сәтті аяқталған. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасындағы әріптестермен тұт ағашының көшеттерін жеткізуге байланысты келісім-шарт жасалды.

Ағымдағы жылы жоба тиімділігін бағалау мақсатында Біртілек ауылдық округі аумағында 0,5 гектар жерге сынамалық тұт көшеттері отырғызылған болатын. Бүгінде аталған көшеттер жергілікті климатқа бейімделіп, алғашқы өнімін беруде.

Жобаның келесі кезеңінде инвесторлар тұт жапырағынан шай өндіру бағытын дамытуды көздеп отыр. Бұл мақсатта Қытайдан арнайы шай өндіруге арналған заманауи қондырғыларды жеткізу жоспарлануда.

Заманауи қондырғы демекші, орайы келгенде ауданның тыныс-тіршілігінен маңызды ақпаратты назарларыңызға ұсына кетсек. Келес ауданында коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жаңа техникалар пайдалануға берілді. Шараға аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев қатысып, тұрғындар игілігі үшін алынған техникаларды салтанатты түрде табыстады.

– Тұрғындарға сапалы әрі жедел қызмет көрсету – біздің басты міндетіміз. Бүгін пайдалануға берілген техникалар осы бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтереді. Халықтың игілігіне қызмет ететін бұл техникалар күнделікті өмір сапасын арттыруға ықпал етеді, – деді аудан басшысы.

Жалпы саны 32 бірлік техника кілті табысталды. Атап айтқанда 9 трактор, 9 тіркеме, 3 жүк тиегіш және 11 үш дөңгелекті мотокөлік (трицикл) кіреді. Бұл техникалар «Келес Қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне берілді. Жаңа техника аудан аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге, көше-жол желісін күтіп ұстауға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға жұмылдырылатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You