
Өз алдына бөлек енші алып шыққалы Сауран ауданында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға тоқталсақ, ауыз толтырып айтатын дүние көп. Мәселен, өткен жылы ауданда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 12 елді мекенде құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске асқан.
Соның нәтижесінде Бабайқорғанда заманауи спорт залы салынды. Ал Ескі Иқанда мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, ауданға қарасты 12 ауылдың 29 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Жалаңтөс елді мекенінде медициналық бекет салынса, Шаға және Бостандық елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» пилоттық жобасымен өткен жылы 19 жоба қаржыландырылды. Биыл 244 жобаға қаржы бөлу жоспарлануда. Білім саласына қатысты ауданда «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 600 орындық мектеп ел игілігіне берілді. Өткен жылы бұл аудан әлеуметтік-экономикалық даму бойынша оң өсімге қол жеткізіп, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 2,1 есеге артып отыр. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласы бойынша өнім көлемі 89,8 миллиард теңгені құрап отыр. Құрылыс жұмыстары 41,9 пайызға артқан. Ауданға қарасты Шорнақ ауылында спорт кешені салынуда, оған қоса Бабайқорғандағы кітапхана құрылысы биыл тамыз айында ел игілігіне берілмек. Ал Қарашық елді мекеніндегі мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Айта кетсем, бүгінде аудан орталығында 500 орынға шақталған мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күннің басты мәселесі «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы екені баршаңызға белгілі. Бұл науқан — Мемлекет басшысының тікелей бастамасы. Сондықтан маңызды жобаға барлығымыз біркісідей атсалысуымыз керек.
Бүгінде Сауран ауданындағы өндірістік паркінде 10 кәсіпорын өз жұмысын бастады. Сонымен қатар тағы 29 жаңа өндіріс орны жыл соңына дейін іске қосылып, онда 1 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Туризм саласында 254 инвестициялық жоба іске қосылып, мұнда 4162 жаңа жұмыс орны құрылады деп көзделуде. Айта кетсек, мұнда 54 тарихи нысан бар, өткен жылдың көрсеткішімен ауданға келуші туристер саны 100 мыңға жуықтаған. Сауран ауданының өндірістік әлеуеті жоғары. Ауданға қарасты 5 елді мекеннен өндірістік алаңдар ашу көзделуде.
Сауран ауданының негізгі даму драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Биыл өлкеде сүт фермалары, мақта өңдеу зауыты, мал бордақылау алаңы, көкөніс сақтау қоймалары сынды бірқатар ірі жобалар іске асқан.
Осы тұста тілге тиек етер мәселе, өңірлік өнім көлемін 2 есеге арттыру мақсатында Сауран ауданында 2030 жылға дейінгі даму жоспары әзірленді. Негізгі 3 бағыт бойынша 254 инвестициялық жоба іске асады. Жалпы құны – 209,3 миллиард теңге. Жаңа 4 162 жұмыс орны құрылады.
Жобалар салалар бойынша:
- Ауыл шаруашылығы – 68 жоба (785 жұмыс орны);
- Өнеркәсіп – 85 жоба (2 427 жұмыс орны);
- Туризм – 14 жоба (250 жұмыс орны);
- Құрылыс – 87 жоба (700 жұмыс орны).
Сауран ауданында мал шаруашылығы саласы да тұрақты даму үстінде. Аудандағы жалпы мал басы – 488,1 мыңды, ал құс саны 112,9 мың басты құрады.
2024 жылдың осы кезеңінде:
- Ет өндірісі – 12,7 мың тонна
- Сүт өндірісі – 21,7 мың тонна
- Жұмыртқа 7 миллион 543 мың дана өндірілді.
Нәтижесінде мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 19,6 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 103,3%-ға артты.
Сонымен қатар, 12 ауылдық округте жалпы 231 гектар жерге 196 мал бордақылау алаңы белгіленіп, 20 шаруа қожалығы құрылыс жұмыстарын бастады.
2024 жылдың басынан бері Сауран ауданы экономикасына 66,4 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл — 2023 жылмен салыстырғанда 215,9%-ға артық көрсеткіш. Айта кетейік, 2023 жылы ауданға 34,6 миллиард теңге инвестиция тартылған болатын.
Бұл – өңірдің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерлік әлеуеттің артуына үлкен серпін берді.
Ауданда шағын цехтар салу үшін 5 ауылда өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде.
Қарашық, Иассы, Шорнақ, Үшқайық және Жүйнек ауылдарында жалпы 115 цех салу жоспарланған. Бүгінде 60 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті.
Нәтижесінде 1 094 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл – жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мен тұрғындарды жұмыспен қамтудың нақты қадамы.
Кәсіпкерлік – өңірдің дамуына серпін беретін негізгі күш. Осы бағытта Сауран ауданында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Соның жарқын үлгісі – Шаға ауылдық округінде құрылған өндірістік парк.
30 гектар аумақты қамтитын бұл индустриялық аймақта:
- 10 кәсіпорын өз жұмысын бастап кетті.
- Жыл соңына дейін 29 жаңа өндіріс іске қосылады.
- 100 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген.
- 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл жоба – аудан экономикасын әртараптандырумен қатар, жергілікті тұрғындар үшін жаңа табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жастарға жұмыс, кәсіпкерлерге қолдау, елге игілік.
Қорыта айтқанда, 2024 жыл Сауран ауданы үшін нақты нәтижелер мен жаңа белестерге толы жыл болды. Әлеуметтік-экономикалық даму тұрақты қарқынмен ілгерілеп, әр салада айтарлықтай өсім байқалды.
Жалпы өңірлік өнім көлемі – 119,2 миллиардтеңгені құрады.
Бұдан бөлек Сауран – тарих тамыры, туризм ордасы. Сауран ауданында зиярат туризмі қарқынды дамуда. Аумағында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде республикалық маңызға ие 3 нысан бар:
- Сауран қалашығы,
- Үкаша ата кесенесі,
- Жүсіп ата кесенесі.
Келушілер саны 100 мың адамға жуықтаған. Бұл – өңірдің туристік әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. 2025 жылы туризм саласында құны 5,3 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, 139 адам жұмыспен қамтылады. Сол себепті Сауранды тарих пен туризм тоғысқан өңір деуге толық хақымыз бар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.