
Бүгін Сауран ауданына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев Ескі Иқан ауылдық округінде болып, өңірдегі агроөнеркәсіптік бағыттағы ірі жобалардың бірі – мал бордақылау алаңдарының құрылыс барысымен етене танысты.
Іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова мен «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков қатысты.
Нақтырақ айтсақ, Қайрат Рахымұлы Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан «Түркістан Ет өнімдері» ЖШС-нің мал бордақылау алаңының құрылыс жұмысын аралап көрді. Бұл ретте аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бұл нысанның аймақтың агроэкономикалық әлеуетін көтеруге ықпал ететінін атап өтті.
– Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 30 бордақылау алаңы Ескі Иқан ауылдық округінде бой көтеруде. Соның 25-і құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске қосылғанда, кемінде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді аудан басшысы.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Яғни инфрақұрылым мен қызметті шоғырландыру арқылы тиімділік пен сапаға қол жеткізуге толық мүмкіндік қарастырылған. Санитарлық, ветеринарлық талаптар бір орталықта қатаң бақыланып, ет өнімінің сапасы мен көлемі артады. Сонымен қатар, сервистік қызметтерді орталықтандыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Ең маңыздысы – жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдық жерлердің экономикалық белсенділігі артады.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев ауданда жүзеге асып жатқан жобаның ауқымдылығы мен құрылымына оң баға берді. Ол мал шаруашылығын дамыту – ауылдық жерлерде жұмыспен қамту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірлік экономиканы әртараптандырудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Депутат Қайрат Балабиев жобаны жоғары бағалап, бұл бастама ауыл шаруашылығын дамытуға, жұмыспен қамту мен азық-түлік қауіпсіздігіне серпін беретінін атап өтті.
– Ел Президенті ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп отыр. Сол бағыттағы нақты бастамалар осындай жобалар арқылы жүзеге асуы қажет. Бұл – елді мекендердегі еңбекке қабілетті азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік беретін тиімді модель. Бастама жүйелі іске асатын болса, Сауран ауданы мал шаруашылығы бойынша облыста алдыңғы қатарға шығары сөзсіз, – деді Қайрат Рахымұлы.
Жергілікті тұрғындар мен жеке кәсіп иелерімен кездесу кезінде депутат жобаның іске асырылуына орай ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері жөнінде ақпарат берді.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Сауран ауданындағы жоғары технологиялық кәсіпорындармен де танысты. Тарқата айтсақ, бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Рахымұлы Балабиев Сауран ауданына арнайы іс-сапармен келіп, Шаға ауылдық округінде орналасқан және өңірдегі маңызды инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралады.
Сапар барысында халық қалаулысы өндірістік аймақта жұмыс істеп тұрған бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін «BNK Group» серіктестігінің өндірістік цехтары көрсетілді. Бұл кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» брендімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналарды шығарады. Аталған техника ауыл шаруашылығын заманауи әрі үнемді тәсілмен дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, депутат «Aqniet Holding» кәсіпорнының өнімдерімен де танысты. Бұл мекеме білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндірісімен айналысады. Соңғы үш жыл ішінде компания 50-ге жуық мектепті қажетті жиһаздармен қамтамасыз еткен. Бүгінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сай стандартталған жиһаздар әзірленіп, еліміздегі оқу мекемелеріне жеткізілуде. Сондай-ақ, кәсіпорын «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесе отырып, денсаулық сақтау саласына қажетті медициналық жабдықтарды да шығарады.
Қайрат Балабиев өндіріс орнындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, отандық кәсіпкерлікті дамыту, импортты алмастыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Рахымұлы Балабиев Сауран ауданына арнайы іс-сапармен келіп, Ескі Иқан ауылдық округінде «AMANAT» партиясы жанындағы бастапқы партия ұйымының қоғамдық қабылдауын өткізді.
Қоғамдық қабылдауға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков қатысты.
Қабылдау барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін ашық айтып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Әлеуметтік инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын көбейту және жастарды қолдау сынды бағыттарда түрлі сауалдар мен ұсыныстар көтерілді.
Қайрат Рахымұлы әрбір азаматтың өтінішіне жеке тоқталып, олардың заң аясында шешілу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, депутат тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері туралы мағлұмат беріп, өз кезегінде көтерілген мәселелерді бақылауына алатынын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.