Түркістан облысы: Сауран ауданына Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы арнайы сапармен келіп, стратегиялық әріптестік талқыланды

Бүгін Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы Сауран ауданына арнайы іссапармен келді. Кездесу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және бауырлас елдер арасындағы мәдени-экономикалық байланысты дамытуға бағытталған. Сапарға Түркі әлемі муниципалитеттер одағының басшылық және өкілетті мүшелері келді.

Делегация құрамында Хасан Кылча (әкім), Фахри Солак (Түркі әлемі муниципалитеттер одағының бас хатшысы), Мевлют Канат пен Омер Бюйүкгекер (қалалық мәслихат депутаттары), Мустафа Яйлажы (әкімнің орынбасары), Жихат Канйылмаз (әкім кеңсесінің атқарушы көмекшісі) және Майрам Байгонушева (ТВВ-ның сыртқы байланыстар жөніндегі маманы) болды.

Ресми кездесу Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Онда қос тарап екі ел арасындағы достық қарым-қатынас, мәдени және экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ әкімшілік басқарудағы тәжірибе алмасу жайын сөз етті. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров делегацияны Сауран өңірінің әлеуетімен, инвестициялық жобаларымен, тарихи-мәдени мұрасымен кеңінен таныстырды.

Түркі әлемі муниципалитеттер одағы делегациясының Сауран ауданына жасаған бұл сапары халықаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды. Қос тараптың өзара тәжірибе алмасуы, бір-бірімен тиімді әріптестік орнатуға ниетті екендігін көрсетіп, болашақтағы түрлі жобаларға жол ашты. Аудан басшысы Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен ұйымдастырылған бұл кездесу Сауранның әлеуетін халықаралық қауымдастыққа таныстырумен қатар, бауырлас халықтар арасындағы тарихи байланыстарды жаңа мазмұнда жалғастыруға ықпал етті.

Мәртебелі меймандар Сауран қалашығына арнайы барды

Сауран ауданына іссапармен келген Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы өңірдің тарихи інжу-маржаны – көне Сауран қалашығына арнайы барды. Мәртебелі меймандар XII-XVIII ғасырларда өмір сүрген, Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі мәдени-экономикалық орталықтардың бірі болған көне шаһардың орны мен архитектуралық құрылымымен танысты.

Сауран – қазақ даласындағы бірегей қорғаныс жүйесімен ерекшеленетін, сыртқы дуалмен қоршалған көне қалалардың бірі. Қала өз заманында саяси, сауда және қолөнер орталығы болып қана қоймай, рухани әрі мәдени өмірдің де маңызды нүктесі болған. Бұл – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан аумағындағы ортағасырлық өркениеттің асыл мұрасы.

Қонақтарға тарихи орынмен танысудан бөлек, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетімізді ұлықтауға бағытталған арнайы бағдарлама ұсынылды. Киіз үй тігіліп, кең дастархан жайылып, қазақтың қонақжайлығы паш етілді. Бүгін Сауранға келген Түркі әлемі делегациясы көне қалашықпен танысып, халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық өнерін, қонақжайлығын көзбен көрді. Түркі дүниесіне ортақ ұлттық ойындардың бірі – садақ ату жарысы ұйымдастырылды. Меймандар бұл көріністерден үлкен әсер алып, қазақ халқының рухани байлығы мен дәстүрге деген құрметіне жоғары баға берді.

Осындай шаралар арқылы Сауран жұрты ортақ түркі құндылықтарын сақтау мен насихаттау ісіне өз үлесін қосып келеді. Бұл — ұрпақ санасына рухани сабақтастықты сіңірудің және ел бірлігін күшейтудің жарқын көрінісі. Киіз үй, ұлттық тағамдар – бәрі түркі дүниесінің ортақ құндылықтарын біріктірді. Бұл – тарихты құрметтеу, бауырластықты бекемдеу және келешекке рухани көпір салу жолындағы маңызды қадам. Сауран – мәдени мұра мен ынтымақтастықтың тоғысқан мекені!

Сауран ауданының индустриялық әлеуеті Түркі әлемі делегациясына таныстырылды

Сауран ауданына келген Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы ресми кездесуден кейін ауданның өндірістік әлеуетімен танысты. Делегация үшін арнайы ұйымдастырылған сапар барысында қонақтар индустриялық аймаққабарып, өңірдегі маңызды инвестициялық жобалармен жақын танысты.

Индустриялық аймақтағы ірі жобалардың бірі – көкөніс сақтау қоймасы. Қойма 3,5 мың тонна көкөніс және 500 тонна бакалея өнімдерін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл – Сауран өңірінің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған маңызды нысандардың бірі.

Сонымен қатар, делегация «BNK Group» компаниясының жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын өндіріс цехтарын аралады. Бұл кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» брендімен заманауи ауыл шаруашылығы техникасын өндіреді.

Бұдан бөлек, делегация мектеп және медицина мекемелеріне арналған жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» серіктестігінің жұмысымен танысты. Компания «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 50-ге жуық білім беру мекемесін қажетті жабдықтармен қамтып үлгерген.

Сапар аясында қонақтар тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl Suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндірістік алаңына да барды. Бұл кәсіпорын ішкі нарықты сапалы әрі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған.

Түркі әлемі делегациясының бұл сапары Сауран ауданының халықаралық әріптестік бағытындағы беделінің артқанын көрсетеді. Мұндай кездесулер бауырлас елдер арасындағы сенімді нығайтып, өзара тиімді жобалардың жүзеге асуына тың серпін береді.

Жиһаз цехтарыаймақтағы өнеркәсіптік дамудың маңызды бөлігі

Сауран ауданына іссапармен келген Түркия Республикасының делегациясы өңірдегі өндірістік нысандармен танысу аясында «EDEM MEBEL» және «ТАК мебель» жиһаз цехтарына арнайы барды. Бұл кәсіпорындар аймақтағы өнеркәсіптік дамудың маңызды бөлігі болып табылады.

Фабрика директоры Икбол Абишев меймандарға кәсіпорынның жұмыс барысын таныстырып, өндірістік қуаты мен жетістіктері жөнінде баяндады. Жыл сайын 10 мың дана әртүрлі корпустық жиһаз шығаратын өндіріс ошағының өнімдеріне Түркістан, Шымкент және Қызылорда облыстарында үлкен сұраныс бар. Заманауи технологияларды қолдана отырып, сапалы әрі тұтынушы талабына сай өнім ұсынып келеді.

Екінші нысан – «ТАК мебель» цехының жұмысымен таныстырылды. Онда жылына 12 000 дана жиһаз өнімін айналымға шығарылады. Жиһаздардың сапасы шетелдік баламалардан кем түспейді. Кәсіпорын бәсекелестікке төтеп беретін заманауи үлгідегі өнімдермен аймақтық нарықты қамтамасыз етуде. 45 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Сапалы әрі заманауи жиһаз шетелдік баламалармен бәсекелесе алады.

Бұл кәсіпорындармен танысу барысында түркиялық делегация отандық өндірістің әлеуетіне оң баға беріп, өңірлік индустрияның даму бағыты мен кәсіпкерлік қолдау тетіктеріне қызығушылық танытты. Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жиһаз өндірісі – осы бағыттағы сәтті жобалардың бірі. Бұл салада жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың табысы артып, аймақ экономикасы дами түсуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You